Жамбыл жаңалықтар

Алдын алу шаралары - өртті тұсаулау бойынша бас көмекші

The final spritzer

Бұл туралы Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облысында төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру және халықпен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мен оның аумақтық бөлімшелері бірнеше ауқымды іс-шара өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Тараз қаласындағы мектепте Ашық есік күні өтті

Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен №26 орта мектепте Ашық есік күні өткізілді. Шараға №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары және Жамбыл облыстық Апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – балаларға қауіпсіздік негіздерін үйрету, төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс әрекеттерді меңгерту және құтқарушы мамандығын насихаттау болды.

Шара барысында оқушыларға заманауи техника мен арнайы жабдықтар таныстырылып, өрт сөндіру жеңдерін пайдалану іс-қимылы көрсетілді. Балалар ерекше әсер алып, ұйымдастырылған су “жаңбырында” шаттана ойнап, мамандардың жұмысына қызығушылық танытты. Бұл сәт оқушылар үшін әсерлі әрі есте қаларлық оқиғаға айналды.

Базар маңында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді

Өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында Тараз қаласындағы “Ауыл-Береке” базары аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша құрылыс материалдары қоймасында шартты өрт шығып, ТЖД бөлімшелерінен 20 маман мен 5 техника жұмылдырылды.

Қызметкерлер өртті барлау, оқшаулау, сөндіру және жалынның көрші нысандарға таралуын болдырмау бойынша нақты іс-қимылдарын көрсетті. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметтері мен базар әкімшілігі арасындағы үйлесімді әрекетке баса назар аударылды.

Жуалы ауданында профилактикалық семинар өтті

Жуалы ауданында төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен басқа да салалық мекемелердің мамандарының қатысуымен құқықтық және психологиялық профилактикалық семинар ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында қоғамдағы девиантты мінез-құлық, суицид, лудомания (ойынға тәуелділік), нашақорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық және экстремизмнің алдын алу жолдары талқыланды. Мамандар қатысушыларға қауіптің алғашқы белгілерін тану, онымен күресу және құқық бұзушылықтың салдары туралы түсінік берді. Сондай-ақ жолда және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері де айтылды.

Жамбыл ауданында кәсіпкерлермен дөңгелек үстел өтті

Жамбыл ауданында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша жергілікті кәсіпкерлермен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. ТЖ қызметкерлері бизнес нысандарында қауіпсіздік талаптарының сақталу маңыздылығын түсіндіріп, өрт дабылы жүйелерінің, сөндіру құралдарының және эвакуациялық жолдардың тексерілуі қажет екенін ескертті.

Кәсіп иелеріне заңнамалық талаптар мен жауапкершілік шаралары туралы кеңес берілді. Мұндай кездесулер қызметтердің алдын алу бағытындағы жұмысын күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы әріптестікті арттыруға ықпал етеді.