«Алматы–Ташкент–Термез» тасжолының бір бөлігі жабылды
Бұл туралы Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
2026 жылғы 24 ақпанда сағат 20:00-ден бастап Жамбыл облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Алматы–Ташкент–Термез» автожолының бір бөлігі уақытша жабылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, жолдың 159-шақырымы (Кенен ауылы) мен 238-шақырымы (Қайнар ауылы) аралығы, яғни жаңа «Қордай» асуы арқылы өтетін учаскеде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды. Шектеу нөлден төмен температурада жауған жаңбыр салдарынан жолдың көктайғаққа айналуына байланысты енгізілді.
Қозғалыс қай бағытпен жүзеге асырылады?
Қазіргі уақытта көлік қозғалысы ескі «Қордай» асуы арқылы ұйымдастырылып отыр. Жүргізушілерге жолға шықпас бұрын бағыттарын нақтылап, ауа райы болжамын ескеріп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады.