Алтын алудың жолын білдім, енді тоқтамаймын – Елдос Сметов
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 09:41
- 80
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөліміндегі сарбаздармен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесу барысында ұлттық ұлан сарбазы Олимпиада чемпионына арнаған өлеңін оқыды. Сонымен қатар, спортшының жеңіс тұғырына жету жолы жайлы дайындалған ролик көртсетілді.
Сонымен қатар Сметовтың жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев сөз сөйлеп, отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіттерге сәттілік тіледі.
Бұдан кейін “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімі тарапынан Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиевке Алғыс хат пен мадақтама берілді.
Жиында Олимпиаданың алтын, күміс, қоласын түгел алған Елдос Сметов өзінің жеңіске жету жолындағы бай тәжірибесімен бөлісіп, кездескен қиындық пен сынақтарды қалай еңсергені туралы әсерлі әңгімелеп берді. Бес жасында ағаларыне еріп, спорт залына келген Елдос Сметов темірдей тәртіп пен тынымсыз еңбек және жеңіске деген ұмтылыстың арқасында Олимптің биік шыңын бағындыра білді.
Спортшының жетістігімен жақсы таныс сарбаздар көкейіндегі сұрақтарын қойды. Оларды қызықтырған чемпионның алдағы жоспары екен. «Елдос Сметов келесі олимпиадаға қатыса ма, министр болсаңыз, спорт саласында қандай өзгеріс жасар едіңіз»- деген сыңайдағы сұрақтарға жауап берді.
- Жеңіспен оралғанда анам маған «енді спортты қоятын шығарсың» деп сұрады. Мен сол кезде «алтын алудың жолын біліп алдым, енді тоқтамаймын» дегенмін. Сондықтан бапкерімізбен 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуға бел буамыз. Менің мақсатым – әлемдік тарихты жаңарту. Олимпиададан кейін министр боламыз ба, кәсіпкер боламыз ба ол уақыттың еншісінде. Қазіргі мақсатым осы. Айта кетері, қай кезде де маған отбасым, ата-анам, бауырларым мықты мотивация берді. Ең алдымен отбасын сүйген әр адам Отанын да сүйеді. Спортқа деген ұмтылыс, үзбей жаттығып, шыңдалу, нық сенім жарқын жеңістерге жол ашады,- деді Елдос Сметов.
Кездесу соңында Олимпиада чемпионы сарбаздармен естелік суретке түсті.