"Алтын белгіге" 714 үміткер: Жамбыл облысында оқу жылы қалай қорытындыланатындығы айтылды
- авторБақытжан Бекболат
- 22 мамыр, 2025
- 303

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Абубекұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, 9-сыныпты 23 462 оқушы тәмамдаса, олар алдағы уақытта 10-сыныпта білімін жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Ал 11-сыныпты 14 570 түлек аяқтайды.
– Өңірімізде 2024-2025 оқу жылын 523 орта білім беру ұйымында 247 422 оқушы аяқтайды. Биылғы жылы 9 сыныпты 23 462 оқушы бітіріп, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Сондай-ақ 14 570 түлек 11 сыныпты тәмамдайды. Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, оқу жылы дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады және 25 мамырда аяқталады. Бес күндік оқу аптасына сәйкес, 1–10 сынып оқушылары үшін соңғы оқу күні – 23 мамыр. Бұл күні барлық мектептерде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Сынып сағаты оқушылардың жыл бойғы жетістіктерін қорытындылап, өзін-өзі бағалауға дағдыландыруды көздейді, – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының мәліметінше, оқу жылы соңында эссе байқаулары ұйымдастырылады. 1–4 сыныптар арасында – «Таза Қазақстан», 5–9 сыныптарда – «Заң және тәртіп», 10–11 сыныптарда – «Адал азамат» тақырыптарында шығармалар жазылады. Үздік деп танылған шығарма иелері марапатталады. Ал 11-сынып түлектері үшін 24 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты шара өтеді.
Сонымен қатар басқарма басшысы қорытынды мемлекеттік емтихандардың нақты мерзімдерін де жария етті.
– 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында 4 пәннен: математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні және оқыту тіліне сәйкес қазақ немесе орыс тілінен емтихан тапсырады. 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен емтиханға қатысады. Атап айтқанда: Қазақстан тарихы, математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні және оқыту тіліне байланысты қазақ немесе орыс тілі, – деді Нұрбек Абубекұлы.
Оның айтуынша, өткен жылдан бері барлық мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аралық емтихан енгізілген. Биыл бұл емтиханды 5, 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары 27–31 мамыр аралығында тапсырады. Бұл бастама – оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған.
Биыл 714 түлек «Алтын белгіге», 990 оқушы үздік аттестатқа үміткер.
– «Алтын белгі» және үздік аттестатқа үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Аттестаттарды тапсыру рәсімдері 18–20 маусым аралығында өтеді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерге арналған түрлі ауқымды іс-шараларға қатысты да пікір білдірді.
– Мектептен тыс форматта сән-салтанатпен өткізілетін кештерге, ақша жинауға, автокөлікпен шеруге жол берілмеуі тиіс. Бұл барлық оқушы үшін тең мүмкіндік пен қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында қолға алынған, – деді Нұрбек Абубекұлы.