Жамбыл жаңалықтар

"Алтын белгіге" 714 үміткер: Жамбыл облысында оқу жылы қалай қорытындыланатындығы айтылды

The final spritzer

Жамбыл облысында 2024–2025 оқу жылын 523 орта білім беру ұйымында 247 422 оқушы аяқтайды.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Абубекұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, 9-сыныпты 23 462 оқушы тәмамдаса, олар алдағы уақытта 10-сыныпта білімін жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Ал 11-сыныпты 14 570 түлек аяқтайды.

Басқарма басшысының мәліметінше, оқу жылы соңында эссе байқаулары ұйымдастырылады. 1–4 сыныптар арасында – «Таза Қазақстан», 5–9 сыныптарда – «Заң және тәртіп», 10–11 сыныптарда – «Адал азамат» тақырыптарында шығармалар жазылады. Үздік деп танылған шығарма иелері марапатталады. Ал 11-сынып түлектері үшін 24 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты шара өтеді.

Сонымен қатар басқарма басшысы қорытынды мемлекеттік емтихандардың нақты мерзімдерін де жария етті.

Оның айтуынша, өткен жылдан бері барлық мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аралық емтихан енгізілген. Биыл бұл емтиханды 5, 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары 27–31 мамыр аралығында тапсырады. Бұл бастама – оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған.

Биыл 714 түлек «Алтын белгіге», 990 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерге арналған түрлі ауқымды іс-шараларға қатысты да пікір білдірді.