«Ана - ұлттың айнасы» атты облыстық аналар форумы өтті
Іс-шарада жиын қатысушылары Үндеу қабылдады
Бүгін Т. Рысқұлов ауданында «Ана - ұлттың айнасы» атты облыстық аналар форумы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану”орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық, сондай-ақ барлық ауданның ардагерлер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары, әкелер кеңесінің төрағалары қатысты.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген Серік Сәлемов аталған форумның ұлт болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қоғамдағы ақ жаулықты аналардың алатын рөлі жөнінде сөз қозғады.
Сонымен қатар Т. Рысқұлов аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова баяндама жасап, аудандағы аналардың ұлттық тәрбие бағытында атқарып жатқан жұмысын атап өтті.
Форумның пікір алаңында өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік-отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрлерді болашақ ұрпаққа жеткізу, той мәдениетін қалыптастыру жөнінде өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай- ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жиын қатысушыларына форум тақырыбы бойынша Үндеуді таныстырды.
Мұнан соң аудан әкімі іс-шарада белсенділік танытқан бірқатар әйелді марапаттады.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.