Қаратау қаласында 2 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді
Қаратау қаласында 2 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді
Талас ауданы Қаратау қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, ізгі лебізін жеткізді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысы жүрген №17 бес қабатты тұрғын үй 64 пәтерден тұрады. Мердігер – «Агроспецстрой» ЖШС. Жобалық құны – 482,7 миллион теңге. Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар.
Бұл күні аймақ басшысы көрші тұрған бес қабатты №15 үйдің де пайдалануға беру салтанатына қатысты. «Қазфосфат» ЖШС ұзақ уақыт бойы бос тұрған 72 пәтерлі үйді қайта жөндеуге 1,2 миллиард теңге жұмсаған.
«Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Нұрхан Нұрланұлы компания қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде екендігін жеткізді. Облыс әкімі Талас ауданына жұмыс сапары барысында 25 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жұмысымен де танысты. Ғимаратта балаларды шығармашылық және физикалық дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұнда 30 қызметкер жұмыспен қамтылған. Бұдан кейін аймақ басшысы қайта жаңғыртудан өткен «Тәуелсіздік» саябағын аралап көрді.