Жамбыл жаңалықтар

Қаратауда Елбасының жобасы қолға алынды

Қаратауда Елбасының жобасы қолға алынды

Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңызын бүкіл қоғам терең түсініп, еліміздің рухани тәуелсіздігін нығайтатын стратегиялық құжатқа балап отыр. Жаһандану жағдайында өзіміздің мемлекеттілігімізді, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қалай сақтап қаламыз деген мәселе әрбір азаматты толғандыратыны сөзсіз екені анық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын.

Жобаның басты мақсаты - келер ұрпақты ұлттық жаңғыруға дайындау. Бәсекеге қабілетті жасты қалыптастыру. Сондықтан, таяу жылда қойылған міндеттің бірі - "қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар. Сондықтан әлемнің үздік 100 оқулығын Ұлы дала елінің тілінде сөйлету әрине құптарлық дүние деген көзқарастамын. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Осы жоба арқылы әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізеді. Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық, 2019-2020 жылдары жобаның үшінші және төртінші кезеңіне таңдалған 53 оқулық аударылды.

 width=

Осы ретте, Талас ауданы, Қаратау қаласында «Кітап-руханият кепілі» жобасы қолға алынды. Жоба аясында былтырғы жылы адам көп шоғырланатын орындарға, колледждерге,  аудандық орталық кітапхана мен білім орталықтарына QR коды бар баннерлер ілінген болатын. Сол істің жалғасы ретінде Орталық саябаққа да, аударылған кітаптардың электронды нұсқасы қойылды. Кітаптарды әдеттегідей кез-келген оқырман QR код арқылы жүктеп, оқи алады. Бұл ауданымыздың білімгерлері мен болашақ жастарымызға білімін шыңдауға зор мүмкіндік деп білемін. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарымызды санамызды жаңғыртуға, рухани баюға шақырамыз.