сенбі, 16 қараша, 2024 7:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қаратаулықтар ауыл іргесіндегі газға қол жеткізе алмай отыр

Қаратаулықтар ауыл іргесіндегі газға қол жеткізе алмай отыр
ашық дереккөзі
Қаратаулықтар ауыл іргесіндегі газға қол жеткізе алмай отыр
Ауыл-аймақта дау-дүмпу төбе көрсеткенде анығын ажыратып, мәселенің шешілу жолдарына басымдылық беру сала басшыларының негізгі міндеттерінің бірі. Құрғақ сөзге көңіл көншитін заман өткелі қашан. Қазіргі заман іскерлік пен сенім үдесінен шығып, халық қажетін өтеу жолында аянбай еңбек етудің уақыты. Жуырда ғана Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековпен бірге 850-ге жуық тұрғыны бар Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылына барғанбыз.
Жолда Нұрлан Күдербайұлы:
– «Халық айтса, қалып айтпайды», – деген нақыл бар. Өздеріңізге белгілі, әсіресе журналистер қауымы жақсы білетін болар, қаратаулық тұрғындар ауыл маңына табан тіреген газ құбыры неліктен ауылішілік көшелерге тартылмай, ел игілігіне берілмей отыр деген сауалын әлеуметтік желіде көлденең тартқан болатын. Алып-қашпа әңгіменің бастауы түсінбеушіліктің салдарынан орын алып отыр. Қазір тұрғындардың айтпағына құлақ асып, шиеліністің қайдан туындағын анықтауымыз қажет, – деп сапарымыздың мән-жайын ашық айтқан.
Бардық. Бауыржан Момышұлы көшесінде жиылған көпшіліктің арасында ауыл әкімі Райымбек Сейітов пен орынбасары Әзімхан Жарлығапов көгілдір отынды үй іргесіне тарту процесі қалай жүзеге асатынын жалпақ тілмен түсіндіруде. Әйтсе де, тұрғындар «ТаразРегионГазСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Абай Юсуповтың табиғи газды пайдалануға беруге асықпайтынын, 25 ауладан 300 мың теңге көлемінде қаражат алып, тиісті жұмыстар жүргізбей отқанын қынжыла жеткізген. Қараша халықтың айтары  – көгілдір отынды тездетіп іске қоссын яки жұмыстан біржола бастартсын.
Бұл тұрғыда Абай Рахманбердіұлының да өзіндік жауабы бар. Бас инженердің айтуынша, 106 ауласы бар елдімекеннің кемінде 50 пайызы құжаттарын заңдастырып, қомақты сумманы жинап беруі қажет. Қаражатқа ауыл маңындағы газ құбырынан бастап, үй іргесіне дейінгі қажетті заттар алынатын, ақшаның басы құралмай жұмыс алға баспайтынын тілге тиек етті.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков:
– Ауызбіршілік болмай бастаған істе береке жоқ. Алысқа бармай-ақ, бүгін Қаракемер ауылының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Мердігерге қолқа салып, жұмысты тездетіп аяқтау үшін біркісідей жұмылды. Серіктестік өкілінің айтқаны орынды. Қажетті қондырғыларын сатып алмай, жұмыс басталмайды. Осы жерде екі жұмадан кейін қайта жүздескеніміз жөн болар. Сол уақыт аралығынд өтінім берушілердің қатары көбейсе, серіктестік өкілінен «Газ қашан беріледі» деген сауалдың жауабын бірге білетін боламыз, – деген Нұрлан Күдербайұлының сөзін көпшілік қолдап, желтоқсанның басында қайта кездесуге уағдаласты.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан осы ауылдағы ауызсу жүйесін назарға алды. «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған нысан аяқталуға жақын. Жуық арада халық игілігіне берілетін айтқан аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбеков аула құжаттарын заңдастыру, көшеден баспанаға дейінгі қажеті құбырларды қазірден пысақтау керектігін тұрғындарға жеткізді.
 
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар