Қариялардың алғысына бөленді
«Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен 1 қазан қарттар күніне орай «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында көмекке аса мұқтаж тыл еңбеккерлері мен жалғызілікті қарттарды мерекелерімен құттықтап қайтты.
Мәди Мейірбекұлы әуелі «Қаратау» (2) шағын ауданында тұратын Мухаббат Құрбанованың шаңырағына бас сұғып, қарт ананы мерекесімен құттықтап, гүл шоғы мен азық-түлік себетін табыс етті. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ана ақ батасын берді.
Мұнан соң партия филиалы төрағасының орынбасары «Самал» (7) шағын ауданында тұратын Далегай Әбілдаеваны да құттықтап, азық-түлік себетін табыс етті. Зейтеткерлікке дейін түрлі мекемелерде кіші қызметкер болған қарт ана да «Nur Otan» партиясының басшылығына алғысын жаудырып, ақ батасын берді.
Сондай-ақ Мәди Мәтен «Салтанат» (4) шағын ауданындағы Сәуле Асанованың да шаңырағына аялдап, ыстық ықыласын білдірді. Зейнет жасына дейін медбике болған Сәуле әженің жалғыз ұлы бірнеше жыл бұрын қайтыс болып, жалғыз қалыпты. Тағдырдың тәлкегіне мойымаған қарт ана мереке қарсаңында елеп, ескерген «Nur Otan» партиясына алғысын жеткізді.
Жалпы қарттар күніне орай ұйымдастырылған акция аясында Тараз қаласымен аудандардағы 100 жастан асқан қарттар мен аса көмекке мұқтаж тыл еңбеккерлері мен жалғызілікті қарттарға арнайы дайындалған азық-түлік толы пакеттер табысталды. Сонымен қатар акцияға жасотандықтарда қатысып, қарттардың үй ауласындағы шаруаларына көмектесті.
Шынболат Сейдуалиев
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала