Жамбыл жаңалықтар

Асарлатып салынған алғашқы үй табыс етілді

Асарлатып салынған алғашқы үй табыс етілді

Облыс әкімнің орынбасары Ержан Жылқыбаев бүгін Байзақ, Жамбыл аудандарына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Байзақ ауданы Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылына арнайы атбасын бұрған Ержан Жұматұлы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспанаға ие болған толық емес отбасына жататын Ғалия Құрманованың қуанышына ортақтасты. Бұл тұрғын үйдің бой көтеруіне мәдімарлықтар бір кісідей ат салысыпты. – «Асарлатып үй салу» жобасы осыдан біршама уақыт бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асып жатқан жоба. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша облыста 106 үй салынып жатса, соның ішінде алғаш мәрте осы тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Қазақ қашанда жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Әр кез жомарт, мейірімді, кеңпейіл жандардың арқасында қазақтың жоқ-жітігі осылай бүтінделіп отырған. Негізінен, бұл ата-баба дәстүрінен бері жалғасып келе жатқан игі іс. «Асар» ұғымы халықты ерлікке, бірлікке бастайтын игі дәстүр. Осы үйдің бой көтеруіне ат салысқан ағайындарға, жаны жомарт азаматтарға, еріктілерге облыс әкімдігі атынан алғысымды білдіремін, – деді Е.  Жылқыбаев.

 width= Аудан әкімдігі тарапынан берілген 15 сотық жерге салынған 4 бөлмелі үйдің өз алдына жуынатын бөлмесі және әжетханасы бар. Үй іші ауыл көмегімен түрлі жиһазға, тұрмыстық техникалық заттарға толтырылып, 1 сиыр, 5-6 қой берілсе, аудандық білім бөлімі 1 компьютер тарту етіпті етіпті. 4 баланың анасы Ғ. Құрманованың ағайындарға айтар алғысы шексіз.

 width=

Байзақ ауданында дәрі-дәрмек қоры жеткіліксіз

Бұдан кейін Е.Жылқыбаев Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебіне жапсарлас салынып жатқан спортзал, мәжіліс залы және 3 оқу бөлмелерінің құрылысымен танысып, мердігер компания «Тараз Ирригация» ЖШС өкіліне нысан құрылысын тиісті мерзімде аяқтауды, қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.

Одан кейін аудан орталығындағы «Серфистік әкімдікке» де бас сұқты. «Әмір және Д» дәріханалар желісінің осы ауданда орналасқан дәріханасына да барып, дәрі-дәрмек тапшылығы туындап жатпағанына көз жеткізді. Десе де бұл дәріхананың дәрі-дәрмек қорында парацетомол мен асперин мүлдем жоқ болып шықты.

Келесі кезекте Ержан Жылқыбаев аудандық орталық аурухананаға бас сұқты. Мұндағы реанимациялық бөлімде 6 төсек, 6 өкпені жасанды демалдыру аппараты бар екен. «Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алда-жалда індет өрши қалса, бұл орталық аурухана күніне 100 адам қабылдауға дайын отыр. Аурулар жататын әрбір төсекке оттегімен қамтамасыз ету аппараты жеткізілген. Бірақ, пациенттер үшін ең қажет антибиотиктер ауруханада бар болғаны екі-үш аптаға ғана жетеді екен. Өз кезегінде Ержан Жылқыбаев бас дәрігер Рыскелді Сапарбеков пен аудандағы басқа да жауапты қызметкерлерге аурухана мен дәріханада дәрі тапшылығын тудырмауды, ол үшін жедел «СК-Формация» компаниясына кемі екі ай мерзімге жетерліктей дәрі-дәрмекке тапсырыс беруді міндеттеді. Дәрі-дәрмек үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінгенін айта келе, індеттің ел айтып жүргендей екінші толқыны қайталанса, опық жеп қалмауды ескертіп, індеттің қай кезде де алдын-алуға дайын болуды тапсырды.

Өзгермелі әлемде адамдардың мейірімі өзгермеуі тиіс

Ержан Жылқыбаев бұдан кейін Жамбыл ауданына барып, Аса ауылындағы «Өнер» мектебінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында өткен жиынға қатысты. Негізінен облыстағы он ауданның бесеуінде құқық қорғау, әлеуметтік, кәсіпкерлік секілді 5 сала бойынша ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс жасаған. Соның ішінде бұл «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Жамбыл ауданында атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған жиын. Аталған аудандағы ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерімен кездесу барысында Ержан Жұматұлы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Сапарбайұлының, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрамағамбетованың, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Сәрсенбекұлының, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қырықбайұлының, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның атақарған зерделеу жұмыстарының есебін тыңдады.

 width= Жалпы Жамбыл ауданындағы кейбір елді мекендерде интернет жылдамдығы өте төмен екені зерделеу барысында байқалған. Сондай ақ ел арасында жұмыссыздық, жалақының төмендігі, мал жайылымының тарлығы, банк терминалдары мен балалар ойын алаңшасының тапшылығы секілді өзекті мәселелер де жоқ емес. Тұрғындардың аудан бойынша 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгергенімен, Гродекова, Жалпақтөбе ауылдарында мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің үлесі 44 пайыз ғана екені анықталған. Сұрау салу барысында олардың 90 пайызы қазақ тілін үйренгісі келетінін аңғартқан. Кейбір ауылдарға клуб қажеттігі, кемі 2-3 штатты қажет ететін 300 орындық мәдениет үйінде бір жұмыс штаты ғана бар екені де мәселе ретінде көтерілген. Бұдан бөлек спорттық алаңшалардың жетіспейтіндігі, жастардың 80 мың теңге айлықты азсынатыны белгілі болған. Өз кезегінде Е.Жылқыбаев қоғамда шиеленіс тудыруы мүмкін мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешу үшін нақты жоба ұсынуды тиісті қызметкерлерге жүктеді.

 width= – Экономика мен қоғам өмірі түбегейлі өзгеріп келеді. Әлемдік пандемия дүниежүзін өзгеріске ұшыратуда. Одан бөлек, ғаламдық жаңашылдықтар біздің қоғамға дендеп енуде. Осындай өзгермелі әлемде бір ғана нәрсе өзгермеуі керек. Ол — адамның бойындағы мейірім, жұрттың бір-біріне деген қарым қатынасы. Оны сақтап қалатын біздің тұрақты, іргелі құндылықтарымыз бар. Ол жастарға берілетін отбасылық, ұлттық тәрбие. Жастар бос сенделмеуі, қылмысқа бой алдырмауы қажет. Әр ата-ана өз баласын қадағалап отырса, жақсы тәрбие бере алса, оларға арналған мемлекеттік бағдарламаларды, көрсетіліп жатқан қамқорлықты тиісті орындар дұрыс жеткізе алса, кәсіпкерлікке тартып, арнайы курстардан өтуіне, мамандық игеруіне ықпал етсе, еш жерде жұмыс істемейтін, не оқымайтын NEET жастардың саны азаяр еді, – деді Ержан Жұматұлы.

Жайбарақаттықты халық кешірмейді

Бұдан кейін Ержан Жылқыбаев аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты. Мұндағы жансақтау бөлімінде 6 төсек болғанымен, өкпені жасанды демалдыру апаратының саны бесеу екен. Осы олқылықтың орнын толтыруды, ақхалаттылар індетпен күресте дәрменсіздік танытса, жалған мәлімет беріп жүріп, жағдайға дайын болмай шықса, халық ешқашан кешірмейтінін еске салды. Десе де бұл ауданда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екен, дәріханада дәрі тапшылығы жоқ екені көңіл қуантты. Іссапар соңын Ержан Жұматұлы Жамбыл ауылындағы жаңадан салынып жатқан 100 орындық №1 орта мектептің құрылыс қарқынын байыптаумен түйіндеді. 415 миллион теңгеге салынып жатқан мектептің қазіғі маусым айында қағылғанымен, жұмыс графигінен біршама қалып келеді екен. Жыл аяғында пайдаланылуға берілуі тиіс бұл білім ошағы назарда болатынын, құрылыс жұмысын межелі уақытта аяқтауды жауаптыларға қатаң тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ