Асарлатып салынған тағы бір үй пайдалануға берілді
- авторjambylinfo.kz
- 7 қазан, 2020
- 251
"Асарлатып үй салу" жобасы аясында Байзақ ауданы Темірбек ауылдық округіне қарасты Шахан ауылының тұрғыны Бахыт Махашев тұрғын үймен қамтылды.
Ауыл тұрғындары, ақсақалдар, аудан жастары, еріктілер және қолынан іс келетін ауыл азаматтарының жұмыла бірлесіп əрекет етуінің нəтижесінде мұқтаж отбасы баспаналы болды.
Аталған жобаның шапағатын көрген отбасы мүшелері алғысын айтса, ақжаулықты аналар шашу шашып, игілікті істің жалпыға ортақ қуаныш екендігін көрсетті.
Қуаныш иелерін аудан əкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, Темірбек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елемес Есімов құттықтап, асарлатудың арқасында баспаналы болып жатқан азаматты қуанышымен құттықтап, аталған жоба өсіп келе жатқан жастарды бауырмалдыққа, жанашырлыққа тəрбиелейтіндігін айтты.
Тұрғын үйге көгілдір отын, ауыз су жүйесі тартылған. Демеушілер есебінен, яғни Байзақ аудандық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі екі дана төсек, қалған демеушілер үстел мен бірнеше орындықты отбасына байғазы ретінде тарту етілді.
Жалпы, Байзақ ауданы бойынша «Асарлатып үй» салу жобасы аясында 18 ауылдық округте 18 тұрғын үй салынатын болып жоспарланған еді. Қыркүйек айының соңында облыс бойынша тұңғыш баспананың кілті Мәдімар ауылының тұрғыны, 4 баланың анасы Ғалия Құрмановаға табыс етілді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз