Жамбыл жаңалықтар

Асыраушысынан айырылғандарға қандай төлемдер тиесілі: Жамбылда түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Жамбыл облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалында асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты көрсетілетін мемлекеттік қолдау түрлері түсіндірілді.

   Мамандар халыққа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің айырмашылығын, олардың тағайындалу тәртібі мен шарттарын нақтылап берді.

Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен төленеді және қайтыс болған адамның қамқорлығында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне тағайындалады. Бұл жәрдемақы түрі құқық пайда болған күннен бастап тағайындалғанымен, өтініш берген күнге дейінгі 12 айдан артық мерзімге есептелмейді.

Ал әлеуметтік төлем тек асыраушы еңбек қызметімен айналысқан және ол үшін міндетті әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда ғана төленеді. Мұндай жағдайда төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қарастырылады. Егер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы қайтыс болса, хабар-ошарсыз кеткен деп танылса немесе қайтыс болды деп жарияланса, оның отбасы мүшелері әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Мамандардың айтуынша, аталған төлемдерге өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы, электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы немесе проактивті форматта беруге болады.