“Аты жаман аурудан” сақтайтын вакцина жайлы не білеміз?
Облыстық қан орталығында Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі бірлесіп, БАҚ өкілдеріне арналған «АПВ-ға қарсы вакцинация бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты семинар өткізді.
Жамбыл облысының дәрігерлері және блогерлер мен журналисттерін біріктірген семинардың мақсаты – халық арасында жатыр мойны обырының алдын алу және АПВ вирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығы туралы ақпараттандыруды арттыру болды.
Басқосуды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ашты. Семинарды ДДҰ елдік кеңсесінің иммундау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Қанат Суханбердиев жүргізді.
Сондай-ақ жиында Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, денсаулық сақтау басқармасының, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өңірлік департаментінің, облыстық онкодиспансердің және ДДҰ Қазақстандағы өкілдігінің қызметкерлері және дәрігерлер спикерлік етті.

Олар өз баяндамаларында ДДҰ-ның кеңейтілген иммунизация бағдарламасы мен оның тарихына шолу жасап, Қазақстандағы иммунизация бағдарламасының 50 жылдағы негізгі көрсеткіштері мен жетістіктері туралы ақпарат беріп, Жамбыл облысы мен Қазақстандағы жатыр мойны обырының аурушаңдығы мен өлім-жітім көрсеткіштерін талдады.
Сонымен қатар, АПВ вакцинациясы туралы кең таралған мифтер мен фактілерді талқылап, журналистердің вакцинацияға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 1900 жаңа жағдай тіркеледі және оның ішінде шамамен 600 әйел осы аурудан көз жұмады.
Адам папиллома вирусы (АПВ) жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылады. Алайда АПВ-ға қарсы вакцинация арқылы халық арасында «аты жаман» аталып кеткен аурудың алдын алуға болады. Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, мемлекет есебінен балалар 12 түрлі жұқпалы індетке қарсы егілуде. 2024 жылы ұлттық егулер бағдарламасына АПВ вирусына қарсы вакцинация енгізіліп, алғашқы дозасы 11 жасар қыздарға ұсынылды.
Бұл шара жатыр мойны обырының алдын алуда үлкен маңызға ие. АПВ вакцинасы әлемнің 135 елінде қолданылады, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстан бар. АҚШ, Австралия, Канада, Дания, Ирландия, Швеция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Шотландия және тағы басқа елдерде вакцинация жатыр мойны обырының алдыңғы сатыдағы зақымдануларын азайтуда тиімді екені дәлелденген.