«Ауыл аманаты» жобасы: 100-ге жуық қордайлық отбасы өз кәсібін ашты
«Ауыл аманаты» жобасы: 100-ге жуық қордайлық отбасы өз кәсібін ашты
Қордай ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы үш ауылда жүзеге асуда. Қазіргі таңда Кенен, Қарасу және Қаракемер ауылының тұрғындары аталмыш жобаның игілігін көруде. Бұл туралы көрсеткіштерге аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев жан-жақты тоқталды.
Кенен ауылы бойынша бірінші бағыт аясында тұрғындар үй іргесіндегі 62 га жерді тиімді игеруге кірісуде. Екінші бағытқа сәйкес, бүгінгі күнге 342 млн. 700 мың теңгеге 96 өтінім тапсырылып, оның 73-і несиеге қол жеткізген. Ал, үшінші бағыт бойынша 250 га алқапқа арпа себілсе, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 53,8 млн. теңгеге 9 дана әр түрлі техника сатып алынған. Сондай-ақ, бесінші бағыт – өз кәсібін ашу үшін 4 адам келісім шартқа отырып, 34 млн. 400 мың теңге көлемінде несие алған. Қарасу ауылдық округі бойынша да жоба аясында жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, 5 жылыжай, 1188 аулаға көкөністер егілмек. 450 млн. 200 мың теңгеге 2004 мал басы сатып алынады деп көзделуде. Ал, Қаракемер ауылдық округінде 105 ауылдық тиімді несиелендіруге 814,3 млн. теңге қаралған. Қордай ауданында «Ауыл аманаты» жобасы арқасында аталған үш ауылдың тұрғындары табысын арттырып, тұрмысын тіктеуде десек, алдағы уақытта жобаның игілігі өзге де ауылдық округтерге таралады деп күтілуде.