«Ауыл Аманаты» жобасы аясында жамбылдықтарға мал тауарлық несие ретінде берілуде
- авторСадуақас Айсұлу
- 19 тамыз, 2025
- 391
2024 жылдан бастап мал сатып алу бағыты бойынша несиелендіру тоқтатылып, өңірде алғаш рет тауарлық несиелеу тетігі енгізілді. Бұл бастама әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға нақты қолдау көрсетуді көздейді.
Жаңа механизмнің ерекшелігі – ауыл тұрғындарына мал басы тауарлық несие ретінде беріледі. Яғни, несие ақша түрінде емес, мал түрінде таратылады. Бұл ауылдықтар үшін қолжетімді әрі тиімді тәсіл болып отыр.
Бүгінгі күнге дейін 18 оператордың көмегімен 20 адамға 757 бас мал тапсырылды. Оның ішінде 686 бас ұсақ мал және 71 ірі қара бар. Алынған мал шаруаларға табыс көзін ашып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал етуде.
Жыл соңына дейін шамамен 80-ге жуық тауарлық несие шарты жасалып, 3 мыңнан астам мал тарату жоспарлануда. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді.





