Жамбыл жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерейі

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерейі

Ауыл шаруашылығы – біздің байзақтық тұрғындардың ата кәсібі. Өндірісі өркендемесе де, өрісте малы мыңғырған мекен, дәнді - дақылы мол өскен өңір бұл. 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, аудан орталығында мерекелік шара ұйымдастырылып, онда аудан әкімі Нұржан Нұржігітов барша аудан жұртшылығын құттықтады.

Әлбетте, жақсылықтың жақсылыққа жалғасқанының көрінісі болған сәтте еліміздің Тұңғыш Президенті күні және ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекелеріне арнап, құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы шаруалардың ағымдағы жылы мол өнім алғанына назар аударды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аймақта жүзеге асырылғанын атап өтіп, оған ауданнан Қостөбе және Түймекент ауылдық округтері қамтылғанын жеткізді. «Ел ырысы үшін еңбек етуден артық бақыт жоқ деп түсінетін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төл мерекесі үлкен маңызға ие. Халықтың әл - ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты», - деді Нұржан Молдиярұлы.

 width=

Соңғы жылдары мал шаруашылығымен қатар егін, бақша салу жұмыстары айтарлықтай жолға қойылды. Шаруалар аудан сұранысын ғана емес, облыс нарығын да, алыс – жақын шет мемлекеттерді де сапалы тауармен қамтамасыз етуге қол жеткізуде. Аудан әкімі  төл мерекеде ауыл шаруашылық саласына еңбек сіңірген шаруа қожалық иелерінен бастап қарапайым малшы, механизатор, диқан мен жұмысшыларға құрмет көрсетті. Салтанатты марапаттау рәсімінде ауыл шаруашылығы саласында елеулі жетістіктерге жеткен бірқатар азаматтар аудан әкімінің Грамотасымен, Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, Құрмет грамотасымен, «Үздік егін шаруашылығы – 2020», «Үздік мал шаруашылығы – 2020», «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндіруші – 2020», «Үздік механизатор - 2020», «Үздік шопан - 2020», «Үздік сауыншы - 2020», «Үздік сушы - 2020», «Үздік жұмысшы - 2020», «Үздік қант қызылшашысы - 2020», «Үздік агроном - 2020», «Үздік мал дәрігері - 2020», «Ауыл шаруашылығы саласының үздік тілшісі - 2020» аталымдары бойынша берілген марапаттарға ие болды. Марапаттау рәсімін аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы облыстық филиалының басшысы Базантай Данияров, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Қуанышев атқарды. Марапат соңы аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ауыл шаруашылық саласы мамандары бұл жолы да дәстүрге сай өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Сол күнгі ауа-райы аса жайлы болмаса да, жәрмеңкеге келген халық аз болмады. Аталмыш жәрмеңкеде сиыр еті - 1850 теңгеден, жылқы еті - 1950 теңгеден, қой еті - 1800 теңгеден, бал - 1500 теңгеден, картоп пен сәбіз және қырыққабат – 90-140 теңгеден, пияздың келісі 60 теңгеден, тауық жұмыртқасы (он данасы) 250 теңгеден саудаға шығарылды. Кейбір өнім түрлері базар бағасынан 15-20 пайызға арзанға саудаланғанын айта кеткен абзал.

Көктемде дән сеуіп, жазда егінді өңдеп, күзде шашаусыз жинап алған диқандар енді аздап бір дем алып, келер жылғы дала жұмыстарына кіріспек. Олар техника паркін тағы бір жаңалап,  малды шығынсыз қыстан аман алып қалуға қамдануда.

 

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ,

Байзақ ауданы.