Ауылын ұмытпаған арда Болат
Шу ауданы Ақсу ауылының тумасы, бүгінде беделді кәсіпкер, Шымкент қаласында шаруасын дөңгелетіп жүрген Тілеужанов Болат Бақытжанұлы ауылдың ортасынан, аумағы 1 гектарды алатын жерге саябақ салуда. Сырты қоршалған саябақ ішінде зертханадан тиісті қорытынды алынған соң, көрікті тал-дарақтар орналасатын болады. Жаздық сахна мен орындықтар, кіре берісінде көз сүйсінентін арка, күзетшіге арналған бөлмесі бар саябақтың сыртынан шағын футбол алаңы салынады деп жоспарлануда. Ауылдың айтулы тұлғалары мен еңбек ерлерінің есімдері осы саябақ ішінен жас ұрпаққа тәлім боларлық ескерткіш-тақта болып орын тебеді. Меценаттың әкесі Бақытжан Тілеужанов та ауданға ардақты ақсақал, ауылдың ішіндегі мәселеге көз жұмып қарамайтын ел ағасы. Ойылған жолды өз қаржысымен бүтіндеп, көп шаруада қолының ізін қалдыратын қадірлі қария. Ағашынан алыс түспеген Болат та әке ісінен үлгі алған ұлағатты ұл. Түлегінің томағасын сыпырған ақсулықтардың ат үстіндегі азаматтың атқарып жатқан жұмысына батасын беріп, барынша қолдау көрсетуде. Сөз арасында Болат Бақытжанұлы маған қонған бақ пен дәулет ауылыма қарайласын деп берілген шығар. Өскен ортамызды өркендету әрбір азаматты парызы деген болатын. Игілікті іске куә болған аудан әкімі Н.Календеров те саябақтың сәнденуіне тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала