Қайғы-қасіреттің орнын жақсылық қана басады
Қайғы-қасіреттің орнын жақсылық қана басады
Әне-міне дегенше Қаңтар оқиғасынан бері жылжып бір жыл да өте шықты. Сол кезде елге қызмет етіп жүрген азаматтардан айырылып қалғанымыз әлі де өзекті өртейді. Бұл біз үшін үлкен өкініш, ауыр қайғы. Әсіресе, жақынынан айырылып, жаны күйзелген олардың туыстарына Қаңтар оқиғасын қайта еске түсіру оңай емес. Десе де қаңтарда құрбан болған қаһармандарды мәңгі есте сақтау, олардың ісін болашақ жастарға үлгі ету мемлекет, қоғам үшін аса маңызды іс. Облыста орын алған Қаңтар оқиғасындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілердің мемлекеттік маңызы бар ғимараттарға шабуыл жасап, полицейлер мен әскерилердің өміріне қауіп төндіргені баршаның жадында. Сол кезде бүлікшілерге тойтарыс берген қызметкерлердің батылдығы, кәсібилігі, қызметіне адалдығы көпке нағыз үлгі болды. Сын сағатта ерлік танытып, өз өмірін өлімге қиған қаһармандар өз міндетін атқару барысында қаза тапты. Отанымызды қорғауда еліміздің полиция, әскер, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Мемлекет басшысының Жарлығымен сол кезде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың жақындарына түрлі наградалар тапсырылғаны есте. Сондай-ақ қаза тапқан қаһармандардың отбасылары мемлекет тарапынан қорғауға алынып, қолдау көрсетілуі елдігіміздің белгісі деп білемін. Күні кеше ғана қаңтардағы қайғылы оқиғалардың бір жылдығы қарсаңында Алматы қаласында қаза тапқандарды еске алу мемориалы ашылды. Салтанатты рәсімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, Отан үшін опат болғандардың ерлігін ескерусіз қалдырмай, мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетіліп жатқаны жөн деп есептейміз. Біз мұны қалалық әкімдік ғимараты қиратылып, құқық қорғау күштері мен қылмыскерлер арасында қантөгіс, қақтығыс болған жерде үміт пен жақсылықты бейнелейтін ескерткіш деп ұғындық. Мемориал – бұл жай ғана тас емес, бұл сәулет кешені. Бұл шын мәнінде сан ғасыр бойы арман ете жүріп, қол жеткізген тәуелсіздігімізден бір пәсте айырылып қалуымыз мүмкін екенін еске салатын ескерткіш. Жаңа ескерткіштен оқиғалардың бүкіл панорамасын көре аламыз. Мұнда жазықсыз қаза тапқандардың қайғысының көз жасы және қаланы бұзақылар мен террористердің қолынан қорғағандардың ерлігі жатыр. Мемориал – біздің ортақ ерік-жігеріміздің мығым екенін білдіреді. Бүгінде біз «Әділетті Қазақстан» құруға бет бұрдық. Осы арқылы әрқайсымыз бірлікті жан-жақты нығайтсақ, әділеттілік қағидаттарын берік ұстансақ, күшті және табысты ұлт бола алатынымыз анық.