Жамбыл жаңалықтар

Аймақ басшысы халық санағының маңыздылығын ескертті

Аймақ басшысы халық санағының маңыздылығын ескертті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте халық санағының ұйымдастырылу барысы қаралды. Облыстық статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаевтың айтуынша, 15 қазанға дейін халық санағын ұйымдастыру және өткізу барысында ақпарат жинау онлайн режимінде жалғасады. Жалпы бұл науқанда санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше әдісі қарастырылған. Атап айтсақ, санаққа қатысушылар мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында, немесе Egov порталында, сонымен қатар, Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасын қолдану арқылы да қатыса алады. 10 қазан күнгі жағдай бойынша облыстың 519971 адамы онлайн санақтан, яғни облыс халқының 45,4 пайызы өткен (ағымдағы есеп бойынша 2021 жылғы 1 тамыздағы халық саны 1 146 473 адам). Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Тараз қаласы (150 472 адам) мен Байзақ ауданы (66 945 адам) көш бастап тұр. Ал төмен көрсеткіш Мойынқұм мен Сарысу аудандарында тіркелген. Бұл аудандарда санақтан 36369 (бірінде 15 227, екіншісінде 21 142) адам өткен.

Департамент  басшысы бүгінгі таңда халық санағын жүргізуге қажетті кадр жетіспеушілік мәселесінің барын да жеткізді. Негізінен мұндай жағдай қалаларда орын алуда екен. Мәселен, Тараз қаласында 74, Шу ауданында 11 санақшы жетіспейді. Бұған дейін халық санағына қатысып келген студенттер оқу процесін бұза алмай, жұмысты жарты жолдан тастап кеткен.  Статистика басшысы кадр мәселесін шешуге көмек беруін сұрады. Облыс әкімі халық санағының аяқталуына жиырма күндей қалғанын ескертті.

Департамент басшысы бірінші кезекте интернеті жоқ елдімекендер мен саяжайларға арнайы мамандар жіберіп мәселені алдын ала шешіп қойғанын айтты. Ал ауылда тұрып қалада жұмыс істейтіндер екі жақта да сауалнамаға қатысқан күнде де, олар базаға ИНН нөмірі арқылы бірақ тұлға болып тіркелетіні белгілі болды. Облыс әкімі осы және халық санағын өткізу барысында төмен пайыз көрсеткен аудан және қала әкімдерінен жауап алды. Барлығы белгіленген межеден кешіктірмей халық санағын аяқтайтындықтарын жеткізді.