Елімізде көктемнен басталған карантиннің салдарынан бірқатар кәсіпорындардың тірлігі тұралап, табысы азайғаны белгілі. Бұл жағдай, әсіресе, туризм саласына қатты әсер етті. Қиындықты еңсеріп, індет жойыла бастаған сәтте облыстың туризм саласын қайта қолға алған билік басындағылар кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге кірісті. Өңірде туризм индустриясын дамыту, ішкі және кірмелі туризмнің әлеуетін арттыру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев туристік компаниялардың және қонақ үйлердің басшыларымен кездесіп, кеңес өткізді.
Кеңеске жиылғандарды ой-пікірлерін ортаға салуға шақырған Алмас Өскенбайұлы:
–Бұл басқосуымыздың түпкі мақсаты – жұмыс орындарын сақтап, істі ары қарай қарқынды жалғастыру. Әрине, пандемияның салдарынан карантин шектеулерімен ешкім үйінен шыға алмай, туризм саласына едәуір қиындықтар әкелгені белгілі. Енді жұмысты жандандырып, бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Жамбыл облысының туризмде потенциалы мол. Өңірімізде 187 қонақ үй, 7 шипажай бар, -деді.
Кәсібін өрлетуге кедергі болып тұрған мәселелерін айтып, көмек сұраған кәсіпкерлер балалар туризмін ілгерілету қажеттігін көтерді. Әсіресе, еліміздің тарихын тану үшін барлық бала көне Таразды, тарихи жәдігерлерге бай Әулиеата өңірін өз көзімен көруі керектігін алға тартты.
Осы кеңесте «Көксай» этноауылының жобасы таныстырылды. Көксай шатқалынан демалыс орынын ашқалы отырған қожалық өкілі Нұрмұхаммед Исаков:
–Өзіміздің жеке инвесторлық есебімізден ашқалы отырған демалыс орынына киіз үйлер орнатып қойдық. Сол секілді бірқатар жұмыстар жүргізілді. Карантин шектеулері алынған уақыттарда демалуға айына 2 жарым мың адам келді. Егер жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда 80-100 адамды жұмыспен қамтимыз. Ол жерде 2 қонақ үй және спорт кешені, саяжайлар болады. Жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істеуді көздеп, жазда бассейндермен қатар, қыста шаңғы тебу, сырғанақ алаңын да жүзеге асырмақпыз. Жаяу серуенмен қоса, атпен серуен жасауды да ұйымдастырамыз. Бізге ендігі керегі 18 шақырым жолға асфальт төсеп, газ жүргізіп берсе дейміз. Басқа инфрақұрылымның бәрін де өзіміз жасап жатырмыз, -дейді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жоба туристерге тек демалыс ұйымдастырып берумен шектелмей, ұлттық болмысымызды да танытпақ.
Қамар Рахметуллина
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024