жұма, 5 желтоқсан, 2025 21:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аймақтың туристік әлеуеті артып келеді

Аймақтың туристік әлеуеті артып келеді
Pixabay.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын ұлттық экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі әрі инвестиция тартуға ең тартымды салалардың қатарына жататынын бірнеше рет атап өткен болатын. Президент өңірлерге туристік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуды және осы бағыттағы жобаларды қолдауды тапсырған.

Ішкі туризмнің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандардың бірі – Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының төрайымы, «Baiterek Travel Center» және «Каралма» туристік компанияларының директоры Балагүл Махатова. Ол көптеген жылдар бойы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, туған өлкенің табиғи сұлулығын кеңінен танытуға атсалысып келеді.

Балагүл Тахирқызы жүзеге асырып жүрген маңызды жобалардың бірі – Жуалы ауданындағы «Тобышақты» этноауылы. Мұнда келушілер киіз үй қалашығында демалып, қонақүй қызметін пайдалана алады. Сонымен қатар қазақ халқының дәстүрлерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, табиғат аясында тынығуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта мұнда спорттық-туристік аймақ пен заманауи тау-шаңғы базасын дамыту жоспарланып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба мәдени мұраны сақтауға, ішкі туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді.

«Мен жас ұрпақ ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біліп, өз тамыры мен тарихын мақтан тұтса деймін», – дейді Балагүл Махатова.

Балагүл Тахирқызы басқаратын «Baiterek Travel Center» компаниясы 2017 жылы Астанада өткен халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің ресми туроператоры болып, Қазақстандағы үздік туристік фирмалар арасында үшінші орынды иеленді. Көрмені аталған компания арқылы 28 мыңнан астам адам тамашалаған.

Балагүл Махатованың пікірінше, туризмді дамыту – тек экономикалық әлеуетті арттыру ғана емес, сонымен қатар елдің мәдени және рухани бірлігін нығайтудың маңызды тетігі. Осындай отансүйгіш азаматтардың бастамаларының арқасында Жамбыл облысы ішкі туризмді дамытуда еліміздегі әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналып келеді.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар