Айтыс өнерін халықаралық сахналарда да танытуды көздеп отырмыз – Ахметжан Өзбеков
Жамбылда айтыс өнері қалай дамып жатыр?
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында басшысы Ахметжан Өзбеков пен БАҚ өкілдерінің қатысуымен маңызды брифинг өтті. Орталық қазақтың баға жетпес рухани қазынасы – айтыс пен жыршылық өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлттық мұрамызды жаңғырту жолында аянбай қызмет етіп келеді. Мекеме басшысы Ахметжан Өзбеков брифинг барысында орталықтың атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларын таныстырып, айтыс өнерінің бүгінгі дамуы мен болашағы жөнінде ой бөлісті.
Ахметжан Өзбековтің айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – қазақтың төл өнерін, сөз мәйегі мен ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің өнерін насихаттау, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Соңғы жылдары орталық бұл бағытта көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, ұлттық өнердің мәртебесін көтеруде ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Ахметжан Орынбасарұлы баяндамасында соңғы жылдары облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған айтыстар мен жыр кештерінің маңыздылығына тоқталды. Айтыс – тек өнер ғана емес, елдің тағдыры мен халықтың ой-санасын бейнелейтін үлкен идеологиялық құрал. Осы мақсатта облыс деңгейіндегі айтыстар тұрақты түрде өткізіліп, жастарды сөз өнеріне баулу үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып келеді.
Орталықтың ұйытқы болуымен «Жыр алыбы – Жамбыл», «Тәуелсіздік – тұғырым» секілді ауқымды іс-шаралар өткен. Бұл айтыстарда халық алдында абыройлы өнер көрсеткен ақындар ғана емес, сонымен қатар жаңа есімдер де танылып, өнерге қанат қақты. Жас айтыскерлер мен термешілерге арналған шеберлік сыныптары, шығармашылық алаңдар жасалып, олардың өз қабілеттерін дамытып, көпшілік алдында өнер көрсетуіне мүмкіндік берілді.
Спикер алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарлармен бөлісті. Орталық айтыс өнерін тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық сахналарда да танытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта алдағы айларда бірнеше халықаралық байқауларға қатысу жоспарлануда. Сонымен қатар, аймақтық деңгейде шығармашылық кештер өткізу арқылы жас дарындардың өнерін кеңінен насихаттау ісі жалғаса бермек.
Орталықтың басты жоспарларының бірі – айтыс пен жыршылық өнерді тек сахнадан ғана емес, қазіргі заманғы медиа құралдар арқылы да көпшілікке жеткізу. Әсіресе, әлеуметтік желілерде ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында арнайы жобалар жасалып, айтыс өнерінің шын жанашырлары үшін жаңа форматтағы бағдарламалар әзірленуде. Бұл қадам айтыс пен жыршылық өнерді жастар арасында насихаттап, заман талабына сай дамытуға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында Ахметжан Өзбеков жас дарындарға ерекше назар аударды. Өнер мектебінен тәлім алып жатқан болашақ айтыскерлерге қолдау көрсету, олардың талантын шыңдау – орталықтың басты міндеттерінің бірі. Айтыс өнерінің жалғасуы үшін жастарды тәрбиелеу аса маңызды. Осы бағытта орталық өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерімен бірлесіп, арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, жас ақындарды жарыстарға дайындап келеді.
Ахметжан Өзбеков брифингті қорытындылай келе, облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының алдағы жылдарға арналған үлкен мақсаттарын атап өтті. Ұлттық мәдениетіміздің алтын қазығы болып табылатын айтыс пен жыршылық өнерді жаңғырту жолында орталық әлі талай жобаларды жүзеге асырып, еліміздің рухани дамуына үлесін қоса бермек.
Айтыс – қазақтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани мұрасы, сөз өнерінің ең биік шыңы. Орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары елге белгілі ақындар мен жыршы-термешілердің шығармашылығын жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық өнеріміздің дамуына зор серпін беретіні анық.
Фариза КЕНЖЕБАЕВА, Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі