Аталған жиынға елімізден, Ресей, Украина, Израиль, Болгария және Өзбекстан мемлекеттерінен этносаралық қатынастар, сонымен қатар конфликтология саласындағы сарапшылар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық экономика, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктерінің, жоғары оқу орындарының өкілдері де болды. Конференцияның ашылуына қатысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын оқып берді. «Жалпыұлттық бірлік – Қазақстанның барлық жетістіктерінің бастауында тұратын баға жетпес байлығымыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен елімізде этносаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасты. Бүкіл әлем мойындаған осы үлгі барша этнос және конфессия өкілдерін ұйыстыруға, мәдениеттер мен тілдерді өзара үйлесімді дамытуға негізделген. Қазақстан өзінің ұлттық бірегейлігінің негізі саналатын бірлігіміз әралуандықта деген қағидатты берік ұстанып келеді. Біз халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз еңбегінің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, қуатты мемлекет құрдық. Жаһандық және өңірлік деңгейдегі жаңа сын-қатерлер жағдайында ел бірлігін нығайтудың маңызы арта түсуде. Көптеген мемлекетте этносаралық сипаттағы әлеуметтік шиеленіс өршіп барады. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың алдында осы түйткілді мәселені шешудің тиімді жолдарын іздеу, қоғамдық дамудың жаңа инклюзивті моделін әзірлеу міндеті тұр. Бұл ретте сарапшылар мен кәсіби зерттеушілердің ғылыми ұстанымнан айнымай белсенді жұмыс істеуі аса маңызды. Конференцияға қатысушылар тың идеялар ұсынып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, сындарлы сұхбат құрады деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Бұдан кейін Б.Сапарбаев этносаралық келісімді нығайтудағы аймақтық тәжірибенің маңызды бағыттарына тоқталды. «Кез келген елдің күші – оның халқының бірлігінде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тұрақтылық пен келісім – бұл жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жүргізіліп отыратын күнделікті жұмыс болуға тиіс» деп атап өткен болатын. Жамбыл облысы республикада этностардың көп шоғырланған өңірлердің бірі. 87 этнос бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Олар облыс аумағының 7 ауданындағы 25 елді мекенде тұрады. Әр ауылдың әлеуметтік карталары жасалды. Негізгі мақсат – халықты толғандыратын, наразылық тудыратын мәселелерді анықтау, олардың шешілуіне көмектесу. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінгі таңда олардың саны 75-ке жетті», деді облыс әкімі.
Конференция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қоғамдық келісімді нығайтудағы Ассамблеяның рөлі туралы айтты. Сондай-ақ конференцияның еліміздің саяси өміріндегі маңыздылығына және Ассамблеяның құрылу тарихына тоқталды. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жаңа геосаяси жағдайларда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы айтып өтті.
Екі күнге жоспарланған халықаралық конференция жұмысы «Көпэтносты елді мекендердегі әлеуметтік проблемаларды шешудегі жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық институттардың рөлі», «Шиеленістер мен наразылық көңіл күйлерді алдын алу және оларды ескерту», «Мультимәдени ортадағы қақтығыстардың алдын алу ісіне ғылыми-сараптамалық әлеуетті пайдалану» және «Қоғамдық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БАҚ-тың рөлі» тақырыптардағы төрт секция бойынша жалғасты. Мұнда да отандық және шетелдік спикерлер баяндама жасап, бүгінгі жаһандық мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Конференцияның екінші күні шетелдік танымал сарапшылар баяндама жасады. Мәселен, Израиль мемлекетінен келген саяси стратег, «Азия. Үлкен ойын» бағдарламасының жүргізушісі, израильдік Asia. Great Game жобасының жетекшісі Дэвид Эйдельман ұлтаралық келісімге негізделген халықаралық конференцияның жұмысы мен маңыздылығын жоғары бағалады.
Тараз – тарихта бірнеше рет өркениеттік шайқастар өткен, әлемдік шекараға айналған жер. Бұл қаланың іргесін бір кездері Қытай экспансиясынан қашып, Таласты паналаған ғұндар қалаған. Византия да, римдік алдыңғы жасақтар да Таластан аса алған жоқ. Олар дәл осында тоқтады. Мұнда мұсылмандар Қытайға жойқын тойтарыс берген Ұлы Талас соғысы өткен. Бұл жерде мыңжылдық маңызы бар айтулы оқиғалар орын алды. Дәл осы Таразда бірегейлік саясатына қатысты сұрақтардың талқылануының символдық мәні зор. Мені осы тұрғыдағы мәселелердің қазақстандық шешу жолдары қызықтырады. Өйткені Қазақстан этностық тұрғыдан өте күрделі мемлекет. Мысалы, Украинадағы секілді жағдайлардың орын алмауына сіздердегі саяси басшылықтың, Тұңғыш Президент – Елбасы мен Мемлекет басшысының еңбегі елеулі деп білемін», деді Дэвид Эйдельман.
Ал М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Манойло конференция тақырыбы мен тиімді формулаларды іздеу, этносаралық және ұлтаралық келісімге қол жеткізу – бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, Ресей Федерациясы мен бірқатар ел үшін де өте өткір және өзекті тақырып екенін айтты.
Сол сияқты, Халықаралық конференция тақырыбының өзектілігін украиналық саясаттанушы, «София» стратегиялық тобының ғылым жөніндегі директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, профессор Виктор Щербина да атап өтті. «Ғылыми проблемалардың бірі – ХХ ғасырда болған этногенездегі өзгерістерді сипаттау қажет. Сол кезде біздің халықтарымыз бастан кешкен оқиғаларды біз толық түсінеміз және ұлтаралық қарым-қатынас процесіне кірмейміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай жұмысты ғылыми негізде жүргізгені өте маңызды. Ассамблеяның рөлі басқа посткеңестік мемлекеттер үшін үлгі екенін де атап айту керек. Осы іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын да мойындауға тиіспіз. Қазақстан мен Жамбыл облысының басшылығына этносаралық қарым-қатынас сияқты маңызды тақырыпқа назар аударғаны үшін алғысымды білдіргім келеді», деді ол.
Екі күнге созылған конференцияда жалпы 40-қа жуық отандық және шетелдік спикерлер баяндама жасады. Соңында конференцияға қатысушылар этносаралық келісімді нығайту бойынша жергілікті атқарушы органдарға арналған ұсынымдар көрсетілген қарар қабылдады. Атап айтқанда, конференцияға қатысушылар «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асыру бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін таратуды ұсынды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Таразда көше күндері аталып өтті
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024