Б.Сапарбаев қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізуді тапсырды
Б.Сапарбаев қазіргі сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізуді тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында білім саласында кадр даярлау, дуальды оқыту, мектептер құрылысы мен жөндеу жұмыстары секілді бірқатар мәселелер қаралды. Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың айтуынша, биыл облыста білім саласын дамытуға 200,8 миллиард теңге бөлінген десек, ол өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артық. Облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 91,5 пайызды (2020 ж. – 91,4 пайыз), 3-6 жас аралығындағы балалар бойынша бұл көрсеткіш – 100 пайызды құрайды. Дәстүрлі форматта оқу жүріп жатқан 443 мектепте санитарлық талаптар қатаң сақталған. Сабақтар «Бір сынып – бір кабинет» жүйесінде өтуде. Биылғы жылы 23 білім беру нысанының (19 мектеп, 4 мектеп қосымшасы) құрылысына 11,1 миллиард теңге бөлінген. Жаңа оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен қамтылған. Облыстағы 68 мектептің камералары полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктірілген. 131 мектепте дабыл түймелері орнатылған, олар да полиция департаментінің аталған орталығымен қосылған. 61 мектепте турникеттер орнатылған. Бердібек Сапарбаев саладағы мәселелер бойынша нақты талдаудың жоқтығын, жауапты тұлғалар тек фактілерді анықтаумен шектелетінін жеткізді.
Бердібек Сапарбаев білім басқармасының өзекті мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралармен қамтылған нақты жоспары болуы керектігін айтты.
«Жас Маман» бағдарламасы бойынша оқу орындары қымбат құрал-жабдықтарды сатып алғанымен, оларды тиімді пайдаланбайды.
Жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – мектеп директорларын ротациялау.
Аймақ басшысы «Жомарт түлек» жобасы бойынша жұмыстардың әлсіз жүргізіліп жатқанына назар аударды. Сондай-ақ, мектептерді жылы санитарлық тораптармен қамтамасыз ету мәселесін тағы бір рет зерделеуді, құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын жеделдетуді тапсырды.
Басқосуда Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскімбаева да бірқатар мәселелерге тоқталды.