Б. Сапарбаев: Ең маңыздысы адамның өмірі мен денсаулығы
Б. Сапарбаев: Ең маңыздысы адамның өмірі мен денсаулығы
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы отырысы өтті. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Оның айтуынша, қалалық патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен құрылған топ күн сайын автобустарда жолаушылармен жол арқылы өту кезінде жол қозғалыс ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың екі айында облыстық Полиция департаментінің патрульдік полициясы және басқа да қызметкерлерімен 7776 жол жүрісі ережесін бұзу фактілері анықталған. Облыс әкімі құрылған жұмыс тобының қызметін күшейтуді, барлық тиісті органдар мен жергілік биліктің бірігіп әрекет ету қажеттігін баса айтты.
Жиында «Қазавтожол» ЖШС облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу шаралары туралы баяндады. Жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, «Алматы-Ташкент-Термез» автомобиль жолының бойына мал көп шығатын жерлерге (Меркі ауданында), жолдың оң және сол жақ шетінен 12 шақырым «Электропастух» ультрадыбыстық желісі орнатылыпты. Алайда, осы орнатылған қондырғының бірқатар кейбір құралдары белгісіз бұзақылардың тарапынан тоналып кетті. Ағымдағы жылы осындай тонаулар орын алмас үшін темір тормен жабу жоспарлануда. Аймақ басшысы мал иелерімен түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топтың менеджері Назима Жұбандықова Полицияның сервистік моделін енгізу мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар, туындаған проблемалық мәселелер және оның шешу жолдары туралы баяндады. Ол жоба жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы ұсыныстар қолдау табатынын жеткізді. Жиында қылмыстық-құқық бұзушылықты төмендету, «жас тәртіп сақшысы» жобасын жүзеге асыруды жеделдету, қоғамда, мектептерде үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, осы орайда БАҚ-тың мүмкіншілігін барынша пайдалану, учаскелік инспекторлардың өзі қызмет ететін елді мекен аумағында тұруы секілді маңызды мәселелер айтылды. Сондай-ақ, бұл күні облыстық терроризмге қарсы комиссиясының отырысы да өтті. Басқосулар соңында Бердібек Сапарбаев жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.