Б. Сапарбаев өңірдегі шаруалармен кездесті
Б. Сапарбаев өңірдегі шаруалармен кездесті
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жем-шөппен, суармалы сумен қамтамасыз етуге, субсидияға қатысты мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы негізінен көтерілген мәселелердің барлығы бұрыннан бар екенін атап өтті. Жазда республиканың барлық өңірін қуаңшылық қысып, бұл жағдай шөптің бітік болып өсуіне кері әсер еткені анық. Облыс басшылығы қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалана отырып, фермерлерді жем-шөппен, суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу және жедел шешімдер қабылдау керектін міндеттеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармасына тұрғындарға жем-шөпті қолжетімді бағамен сатуды ерекше бақылауға алу тапсырылды. Облыс әкімі жем-шөп жинау науқанының табысты өтуі әр шаруаның жауапкершілікпен қарауына байланысты екенін баса айтты. Мал азығын жинауға алдын ала қамданып, сай-салалар мен өзен арналарындағы, тау аңғарларындағы шөптерді шауып алу керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта 1730,5 мың тонна шөп дайындалды. Бердібек Сапарбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл тұрғындары субсидия алуға кімнің құқығы бар екенін білуі үшін шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ кеңесте ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жөніндегі «Trade-In» жобасының жүзеге асырылуына, су шаруашылығы құрылыстарын тазалау, бетондау және жаңғырту төңірегіндегі кешенді де ауқымды жұмыстарға тоқталды.