Б. Сапарбаев Меркі ауданының тұрғындарының мәселелелерін тыңдады
Б. Сапарбаев Меркі ауданының тұрғындарының мәселелелерін тыңдады
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Кездесуде аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Жиында алдымен аймақ басшысы облыста және ауданда атқарылған жұмыстар туралы қысқаша хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ауқымды міндеттерге кеңінен тоқталып, басты міндет – жаңа құжаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету екендігін айтты.
Келесі кезекте аудан әкімі аудандағы ахуалдың жай-күйі мен атқарылған негізгі шаруалар туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандар салу, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу және тұрғын үйлерді жаңғырту, инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда.
Аудан басшысы алдағы уақытта ашылатын кәсіпкерлік нысандар халық сұранысын қанағаттандырумен қатар, жұмыссыздықты азайту және кәсіпкерліктің өркендеуіне оң ықпалын тигізетініне сендірді. Жиын соңында тұрғындар көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Меркіліктер негізінен көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру, жолдарды асфальттау, халық көп жүретін және шет аймақтардағы көшелерді тұрақты түрде тазалап отыру секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Есептік кездесуден соң аймақ басшысы 20-ға жуық тұрғынды жеке қабылдады. Олар пайдаланусыз жатқан жайылымдық жерлерді халық игіліне беру, су қоймаларына тазарту жұмыстарын жүйелі жүргізу, сапалы жолдар салу, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету және мектеп, спорт нысандарын жөндеу секілді сұрақтармен жүгінді. Облыс әкімі тұрғындардың барлық өтініштері назарға алынып, заң аясында шешілетін атап өтті. Бердібек Сапарбаев аудандағы жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкер Ержан Қырғабақовтың шаруашылығына арнайы ат басын бұрды. Кәсіпкер өз үйінің ауласынан 3 жыл бұрын бассейн, былтыр коньки тебетін алаң ашқанын, алайда ойға алған ісі пандемия салдарынан жүзеге аспай қалғанын жеткізді. Сол себепті, бұл нысанды спорт кешені ретінде пайдалану үшін қолдау білдіруін сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан көмек берілетінін жеткізді.