Б. Сапарбаев: Талас өзенінің суын тиімді пайдалану үшін арнайы кесте бекітіледі
Б. Сапарбаев: Талас өзенінің суын тиімді пайдалану үшін арнайы кесте бекітіледі
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен, жұмысшылармен кездесті.
Аймақ басшысы алдымен Байқадам ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығына ат басын бұрды. 1995 жылы құрылған қожалықта қазіргі таңда 910 бас қой, 17 бас мүйізді ірі қара, 82 бас жылқы және 100-ге жуық түйе бар. Сонымен қатар, 2 МТЗ тракторы, 2 комбайн, 1 арнайы жүк көлігі қожалықтың жұмысын жандандыруға өз септігін тигізуде. Қожалық төрағасы Жақсыгелді Иманбаев алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Облыс әкімінің жергілікті шаруалармен кездесуінде бірқатар мәселелер көтерілді десек, олардың негізгісі суармалы суға қатысты болды.
Бұдан соң аймақ басшысы Тасарық каналына барып, жай-күйімен танысты. Өткен жылы бұл каналдың 15 шақырымына механикалық реттеу жұмыстары жүргізілген. Аталған канал «Су арналарын автоматтандыру бойынша 5 жылдық жоспарға сәйкес ағымдағы жылы іске асырылатын жобалар тізіміне енген.
Іргетасы 1972 жылы қаланған Саудакент ауылындағы мәдениет үйі өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 166,8 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Бүгінгі күні мұнда 31 адам қызмет етеді. Мәдинет ошағында болған облыс басшысы орындалған жұмыстардың сапасын тексерді.
Қазіргі таңда ресейлік «Еврохим-Тыңайтқыш» компаниясы аудан аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл орайда салынатын инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құраса, жоба жүзеге асқанда 900-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Өндіріс орнының ұжымымен жүздескен Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылы жүзеге асатын «Жаңарған Жаңатас» жобасына ерекше тоқталып, оған осындай ірі зауыт басшылығының да қолдау білдіріп, атсалысуы аса маңызды екенін баса айтты.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлерінің коронавирус індетіне қарсы екпе алуы да сөз болды. Аймақ басшысы қалыпты өмірге қайта оралудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін еске салды.
Ирина Георгиади басқаратын «Стиль» тігін цехы 2010 жылы ашылған. Арнайы және медициналық киімдер мен төсек жабдықтарын дайындайтын цехта бұл күнде 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде жобаны кеңейту жұмыстары жүргізіліп, ұжым жаңа нысанға орналасқан. Қазіргі таңда мұнда «Слава» маркасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Цех жұмысымен танысқан облыс басшысы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының өсуіне үлес қосып отырған кәсіпкерге мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жаңатас қаласының орталығындағы «Үш алып» ғимараты жыл өткен сайын тозып, қала көркіне нұқсан келтіруде. Жоспарға сәйкес ғимаратты қайта қалпына келтіріп, қала тұрғындарын баспанамен қамту көзделуде. Бұл жұмыстарға «Қазфосфат» ЖШС филиалы - «Қаратау» тау-кен өндеу кешені ықылас танытып отыр.
Аудан орталығындағы «Батыр-Бек» әлеуметтік дүкені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағаларын негізсіз көтерілудін алдын алу мақсатында ашылған. Әйтсе де, мұндағы кейбір азық-түліктердің бағасы шекті бағадан асатыны анықталды. Бұл мәселені сынға алған облыс басшысы бақылау шараларының әлсіздігін айтып, аудан әкіміне ескерту жасады.
Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Басқосуда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Ауданда атқарылып жатқан істерге қанағаттанарлық деген баға берген облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншілігін тиімді пайдалану керектігін, үлкендер жағы жастар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.