Бақылау бар жерде тәртіп те, нәтиже де болады
Бақылау бар жерде тәртіп те, нәтиже де болады
Қазақтың құты – төрт түлік малда. Амандық сұрасудың басын қол қысып, кеуде қағыстырып тұрып: «Мал-жаның аман ба?» деуі де осыдан. Ал жанына жолдасы еткен тұяқты тұлпарлары ен даланың еркесіне айналған. Десе де, қазір уақыт өзгерді. Көнедегідей арқаны кеңге салып, төрт түлікті кең далаға өргізіп, алаңсыз отыратын шақ емес. Мұнда малға қатер төндіретін түз тағыларын айтып отырған жоқпыз. Сөз «екіаяқты қасқырлар» жөнінде. Бүгінде бұлардан келер қауіп көп. Рас, заң күн өткен сайын қатаңдап келеді. Тіпті, қылмыстық кодексте мал ұрлығы бойынша арнайы бап та бар. Мұнан бөлек, мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар ымыраға келе алмайды. Бірақ, бұған қарамастан, өзгенің малынан пайда табуды көздеген ұрылар оңай олжадан бас тартпай жүр. Мәселен, Өрнек ауылының Ербол есімді тұрғынына тиесілі бес ірі қара мал өрістен жайылып жүрген жерінен қолды болады. Оқыс оқиға туралы мал иесінің дер кезінде аудандық полиция бөліміне хабарлағандығының арқасында көп уақыт өтпей барымташылар құрықталады. - Қарапайым ауыл тұрғыны болған соң, малдан нәпақамызды тауып отырмын. Былайша айтқанда, күнкөріс көзіне айналды. Бірді екі, екіні үшеу қылып, солардың қысқы қамын, жазғы жағдайын жасап, кәсіп қылып келеміз. Бірақ, сонша еңбек қылғанында ұры-қарының қолында кеткені көңілді қынжылтады. Бейнетін біреу көріп, екінші біреу олжалап кеткені қоғам алдында, заң алдында әділетсіздік емес пе? Мал иесіз бақылаусыз болмайды. Сүтін ағарған, етін тамақ қылып, көбейтіп, өсіріп отырған малынан кім бас тартсын. Кез келген мәселеге атүсті қарағаннан шешім табылмайды. Түсіндірме жұмыстары түйткілдің түйінін тартқатпайды. Босаңдық танытпау керек. Мал ұрлығы бертін келе пайда болған жоқ, бұрыннан бар ғой. Көп нәрсеге кешіріммен қараймыз. Әйтсе де, заң алдында кінәлі адам жауап беру керек. Шілде айында өрісте жүрген бес ірі қара малымнан көз жазып қалдым. Уақыт өтпей, аудандық полиция бөліміне шағымдандым. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларын тиімді әрі жылдам ұйымдастыруының нәтижесінде қолды болған малым табылды. Бүгінде күдікті құрықталды. Енді ол заңға сәйкес өз жазасын алады деген үміттемін, - дейді шаруа. Жалпы, ауданда биыл осы сипаттағы 11 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда екі дерекке көп. Десе де, баққандікі емес, барымташыныкі болған 30 бас мал иелеріне қайтарылған. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Шалқар Дәулетқұловтың айтуынша, ағымдағы жылы өзгенің қорасына түскен қос азамат құрықталып, өзгелері есепке алыныпты. - Биыл мал ұрлығы бойынша келіп түскен арыздар көрсеткіші өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда екі дерекке көбейіп отыр. Былтырғы жылдың 10 айында жергілікті тұрғындар тарапынан мал ұрлығына қатысты 9 арыз-шағым түссе, биыл ол 11-ге жетті. Соның 9 дерегі ашылды. Бүгінгі таңда Өрнек ауылының тұрғынына тиесілі бес ірі қара мал өрістен жайылып жүрген жерінен қолды қылған адам құрықталып, күдікті уақытша тергеу изоляторына тоғытылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл 12 тұлға мал ұрлығы бойынша есепке алынды. Ал аудандық пробация қызметінің есебіне 9 азамат тіркелді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жүргізілетін болады, - дейді полиция подполковнигі. Шын мәнінде, мал ұрлығын болдырмау үшін барлығы жауапты. Мал иесі де, тәртіп сақшысы да. Бақылау бар жерде тәртіп те, нәтиже де болатыны анық. Жиі-жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізуден бөлек, тың ұсыныстар мен жүйелі жұмыстар қажет-ақ. Әйтпесе, ауылдықтардың адал еңбекпен бағып отырған төрт түлік өзгенің жетегінде кете берері ащы шындық.