Жамбыл жаңалықтар

Балалардың қысқы демалысы сырғанақ басында қызықты өтуде

Балалардың қысқы демалысы сырғанақ басында қызықты өтуде

Ойын десе, оның ішінде қыстыкүнгі далада, ашық аспан астында сырғанақ тебу десе, елеңдемейтін бала жоқ. Қыс мезгілі келіп, даланы ақ қар басқанда ойын балалары далаға шығып, шанамен ойнап немесе шаңғы, коньки тепкісі келеді. Мұның бір жағынан демалыс болса, бір жағынан балалардың физиологиялық дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне, табиғатты танып-білуге, қоршаған ортаны аялауға тигізер ықпалы зор.

Балалықтың балдәуренін кешпеген, басынан өткізбеген адам жоқ шығар, сірә?! Өзіміз де бала болдық. Алыс ауылда тұрдық. Балалық шағымыз 1990-шы жылдардың басындағы қиын жылдармен тұспа-тұс келіп, сол тұстағы ел өміріндегі күрделі кезеңнің бір шетін біз де көріп өстік. Аудан орталығынан шалғайдағы ауыл. Ол тұста қазіргідей телефон, интернет жүйесі мүлдем дамымаған кез болатын. Қазіргідей емес, балалық шағы «өліара» кезеңге тұс келген ауыл балалары еңбекпен есейді. Қой бағып, шөп шабатынбыз... Әйтеуір, күніміздің көп бөлігін табиғат аясында өткізуші едік. Әсіресе, қыстыкүні бар ермегіміз, ауылдың қарсы бетіндегі биік қырдың басынан шанамен сырғанау болатын. Таңертеңнен қара кешке дейін бетіміз бен қолымыздың тоңғанына қарамастан, сырғанақ тебуші едік. Күн ұясына қона аяғымыз су-су болып шанамызды сүйретіп үйге қайтатынбыз. Қайран, балалық-ай десеңші?!

«Қарың мол, топырағың май екен, Қадіріңді егін салған жұрт білер» деп Асан қайғы бабамыз қасиетті Жуалы жері жайлы толғана жырлағанындай, кейінгі жылдары ауданда ауыл шаруашылығымен қатар туризм саласы да дамып келеді. Оған Жуалы жерінің көркем табиғаты, қыс мезгілінде түсетін мол қары мүмкіндік береді. Т.Дүйсебайұлы ауылының үстіңгі жағындағы ақбас Алатаудың «Қаралма» шатқалынан тау-шаңғы кешенінің құрылысы екі жылдан бері жүргізілуде. Курорттық аймақтағы бұл жұмыстар пандемияға байланысты уақытша тоқтап тұр. Сәтін салса, Алатаудың баурайындағы тау-шаңғы курортында демалатын сәтіміз де алыс емес деп сенеміз.

Көпшілікке белгілі, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына кіреберісте орын тепкен «Мәңгілік Ел» саябағының аумағында да балаларға да, көпшілікке де жыл он екі ай серуендеуге болады. Әсіресе, мұнда қыстыкүні шанамен сырғанауға мүмкіндік мол. Ол үшін саябақ шетіндегі қыраттан төмен қарай шанамен сырғанап, төмендегі жасанды көлшік үстіндегі мұз айдынына коньки де тебуге болады. Атшаптырым аумақты алып жатқан саябаққа шырша, арша, қарағай, қайың көшеттері отырғызылып, жан-жағы барынша абаттандырылған. Жасанды көлшік жасалып, ондағы арал үстінен «Қос жүрек» алаңы, саябақтың негізгі символы ретінде дәл ортаға шөккен түйенің алып мүсіні кім-кімді де қызықтырмай қоймайтыны анық.

Мұнда қысқы спорт түрлерін ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Әсіресе, балалар үшін қыстың қызығы сырғанақ тебу екені белгілі. Саябақ аумағындағы қыраттың үстінен сырғанақ тебетін арнайы алаңша ашылғанына да үш жылдың жүзі болды. Алаңша жұмысын Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мадияр Сатыбалдиев тұрақты ұйымдастырып отыр.

-Біз саябақтағы сырғанақ алаңшасында үш жылдан бері келісімшартпен жұмыс істеп жатырмыз. Басында бұл жұмысты 11 үрлемелі шанамен бастасақ, биыл шанамыздың саны 100 данаға жетіп отыр. Уақыт өте келе аудан тұрғындарының, оның ішінде балалардың сырғанақ тебуге, осында келіп демалуға деген сұранысы арта бастады. Бұдан бөлек, басқа да қызмет түрлерін көрсетеміз. Қызмет құны да қолжетімді, аса қымбат емес.

Балалар – біздің болашағымыз. Олардың саналы, дені сау азамат болып қалыптасуына табиғат аясында демалудың да ықпалы зор. Әсіресе, ауасы таза, қары мол қасиетті Жуалы жерінде серуендеп, сырғанақ тебу – өз алдына бір қызық. Осы орайда біз сырғанақ тебу алаңында балалардың қауіпсіздігіне де баса мән береміз. Міне, балалар сырғанақ теуіп, ойнап, мәз-мейрам. Жыл басында дәстүрлі ұйымдастырылатын іс-шаралар аясында облыс орталығынан және өзіміздің ауданның тұрғындары да осында келіп демалып, отбасылық ойын-сауық шараларына қатысуда. Олар осында сырғанақ теуіп, табиғат аясында демалып, бір мезгіл сергіп, күш жинап қайтады,- дейді «Жуалы каток» ойын-сауық алаңының  ұйымдастырушысы, «Томпақ» жеке кәсіпкерлігінің иесі Мадияр Сатыбалдиев.

Қазір балалардың қысқы демалысы. Сол себептен де сырғанаққа баратын балалардың да саны көп. Балаларға үрлемелі шаналармен қызмет көрсету жұмыстарына Мадиярға келіншегі Гүлнұр Туғанбаева көмектеседі екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл – отбасылық кәсіп.

Жуалы ауданынан 60 шақырым қашықтықта жатқан Тараз қаласында қазір қар жоқ. Мұндай құбылыс былтыр да болған. Ал Жуалыда жылдағыдай қар бар. Қардың көлемі онша қалың болмаса да, сырғанақ тебуге мүмкіндік мол. Ал мұнда сырттан келген қонақтар біздің таулы аудандағы қыстың нағыз көрінісін тамашалай алады.

Жақында аудан орталығына кіреберістегі саябаққа «Золотой караван» туристік орталығының демеушілігімен облыс орталығындағы «Қамқор» балалар үйінің балалары келіп демалды. Таңертеңнен мұнда жабдықтар орнатылып, демалысқа қолайлы жағдайлар қарастырылды. Мұндағы сырғанау алаңшасында, мұз айдынында балалар сырғанақ теуіп, мәз-мейрам болса, үлкендер жағы арнайы ұйымдастырылған отбасылық ойын-сауық іс-шараларына белсене атсалысты.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы