Жамбыл жаңалықтар

Баспасөз туры: Журналистерге өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Жамбылда бір күнде екі зауыт іске қосылып, тағы бірінің құрылысы басталды

Өңір аумағындағы инвестициялық жобалар бойынша ұйымдастырылған баспасөз туры барысында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне нақ осындай мағлұмат берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Бұл күні журналистер қауымы ең әуелі Айша бибі ауылында орналасқан «Super-pharm» серіктестігінің меншігіндегі фармацевтикалық кәсіпорнына ат басын бұрды. Аталған кәсіпорын өңірдің денсаулық сақтау саласын сапалы медициналық бұйымдармен қамтамасыз ететін әрі импортты алмастыруға бағытталған маңызды өндіріс орны. Қайрат Қаймолдаев басқаратын компания 2006 жылдан бері медициналық құрал-жабдықтарды көтерме және бөлшек саудада өткізіп келеді. Мұнда он төрт жыл бұрын тоқыма емес материалдардан жасалған бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын алғашқы өндірістік желі іске қосылса, 2019 жылы пластырь түрінде және пластмасса негізінде медициналық бұйымдар өндіретін екінші желі өз жұмысын бастаған.

Ал 2022 жылы тоқыма емес материалдар өндірісіне арналған жаңа зауыт пайдалануға беріліп, кәсіпорынның жалпы қуаты айтарлықтай арта түскен. Өндіріс орнында биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы құны – 6 930,6 миллионтеңгені құрайтын 8 735 мың дана бір реттік медициналық бұйым өндірілген. Қазіргі уақытта кәсіпорын шығаратын өнімдер еліміздің медициналық мекемелерінде кеңінен қолданылып, нарықтағы сұранысты өтеуге елеулі үлесін қосуда.

Жуырда Жамбыл жерінде қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы басталды. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін, экологиялық тұрғыдан таза, тиімді әрі заманауи технологияларға негізделген стратегиялық маңызы зор жоба. «GES Мырзатай» серіктестігінің бастамасымен жүзеге асқан жобаның жалпы инвестиция көлемі – 109 миллиард теңге.Электр станциясының құрылысын қамтитын инвестициялық жоба аясында компания жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және келісу жұмыстарын кезең-кезеңімен атқаруда. Айта кетейік, жоба үшін 7 гектар жер бөлінген. Бүгінгі таңда тиісті гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланған. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынған.Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам жұмылдырылса, станция толық қуатына шыққанда 80 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ бұл күні өңірімізде жылына 70 мың тонна құс етін өңдейтін зауыт іске қосылды.

Кәсіпорын қуаттылығы бойынша ел аумағында екінші орында. Зауыттың ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл жеріндегі агроөнеркәсіп саласында маңызды орынға ие болатын «Алель Агро» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының аймақ экономикасында рөлі айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорынның сәтті іске қосылуы – стратегиялық қадам және мұнда алдағы жылдары облыстағы жалпы ет өндірісін 2 есеге арттыруға мүмкіндік мол.

Атап өту керек, компания негізгі бағыты – бройлер тұқымды құстардың етін өндіру және қайта өңдеу. Мұндатолық өндірістік циклі жүзеге асырылады. Нақтылай түссек, балапандарды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдерітолығымен қамтылады. Ал жыл соңына дейін қуаты 4 600 тонна болатын үшінші құс фабрикасының пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек жалпы қуаты 26 мың тонна болатын екі жаңа құс фабрикасының құрылысы басталмақ. Сондай-ақ 2028 жылы қуаты 28 000 тонна болатын тағы екі фабриканың құрылысы жанданады деген жоспар бар.

Дәл осы күні жылына 60 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін жаңа зауыт та іске қосылды.Кәсіпорын өзіне қажетті шикізатты жеке карьерінен алады. Бұл өндіріс барысын толық бақылауға яғни, әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңде сапаны тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыттың өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» серіктестігі. Өңір басшысы құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына ауадай қажет өнімді өндіретін кәсіпорын тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етпей, экспортты арттыруда да шешуші рөл атқаратынын баса айтты.

Бұдан кейін тілшілер тобы «Тараз» шағын өнеркәсіптік аймағына барды. Естеріңізде болса, бұған дейін облысымызда алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға берілген еді. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынатын маңызды жоба. Ал оны іске асыруға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қолдау көрсеткен. Кешенде жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Мысалы, фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорын жылына 140 мың шаршы метр плита өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар есік жасайтын өндіріс орны жылына 200 мың дана өнім шығара алады. Жобаның сәтті іске қосылуының нәтижесінде шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жыл соңына дейін Жамбыл ауданының Еңбек ауылында ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Оның жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Мұндағы 1,3 миллиардтеңге – Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін енгізу мақсатында бюджет есебінен бөлінген. Жоба бастамашысы Азат Сатановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.

– Алдағы уақытта бұл нысан облыстағы алғашқы толық цифрландырылған сүт кешені болмақ. Фермада бір мезетте 16 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін алғаш рет карусельді қондырғы орнатылып, мал басын толық басқару жүйесі енгізіледі. Мұнда ылғалдылық, температура және желдету автоматты түрде реттеліп, мал қораларының асты өздігінен тазартылады. Жоба қуаттылығы 400 басқа есептелгенімен, болашақта 600 басқа дейін кеңейтуге мүмкіндік бар. Бір сиырдың орташа сүт өнімділігі жылына 8 мың килограмды құрайды. Аталған жоба «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда, – деді ол.

Жалпы, өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының үлгісі негізінде 4 жоба қаржыландырылса, биыл тағы біржобаны қаржыландыру жоспарлануда. Толық қуатында іске қосылған сүт фермаларының жылдық өнім көлемі 20 мың тоннаға жуықтайды. Бүгінде облыста 50 бастан жоғары мал ұстайтын 45 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыста 86 018 тонна ет, 181 001,2 тонна сүт және 79 542,5 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Баспасөз туры барысында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері күйдірілген кірпіш өндіретін зауыттың да жай-күйімен танысты. Байзақ ауданына қарасты Диқан ауылдық округінде орналасқан өндіріс орны өткен жылы іске қосылған. Өңірдегі құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жобаға 2,5 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жылына 36 млн дана күйдірілгенкірпіш шығаратын зауыттың құрал-жабдықтары Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Өндіріс ошағында 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады.

Журналистер қауымы арнайы барған келесі нысан – Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылындағы шыңдалған шыны шығаратын зауыт. Индустриялық жобаны жергілікті кәсіпкер, «JS GLASS» серіктестігінің басшысы Жамалхан Ибрагимов қаржыландырған. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндірсе, бүгінгі күнге дейін шамамен 43 мың шаршы метр өнім алынған. Мұнда 40 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Өндіріс орны өңірдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қойма, өз өнімдерін Алматы және Түркістан облыстарына жөнелтеді. 

Бұл күнгі баспасөз туры Байзақ ауданының орталығынан оңтүстік-батысында орналасқан Қостөбе ауылында түйінделді. Журналистер қауымы «Айымкүл» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі көкөніс сақтау қоймасын көзбен көріп, нысанның құрылысымен танысты. Жалпы, құрылысына 930 миллион теңге инвестиция салынған қойманың жер аумағы – 4,3 гектарды құрайды. Мұнда бір мезетте 15 мың тонна көкөніс пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта қоймада 1 мың тонна пияз сақталуда. Тоқтала кететін бір жайт, өңірімізде бүгінгі күнге дейін қуаттылығы – 24 мың тонна болатын 6 жоба толық іске қосылы. Оның ішінде үш көкөніс сақтау қоймасы бар. 

 Айта кетейік, облыста биылғы жылдың 10 айының қорытындысымен негізгі капиталға 553 миллиард теңге инвестиция салынған. Ал бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға артық орындалыпты