Байзақ ауданында Ардагерлер саябағы ашылды
Жаңа саябақ өсіп келе жатқан ұрпаққа батырлардың ерлігін көрсетіп, туған ауылға деген сүйіспеншілікті арттыратын тәрбие ортасына айналады.
Байзақ ауданында ауылдық жерлерді дамыту аясында Жақаш ауылында «Ардагерлер саябағы» ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба ауыл кәсіпкерлері, тұрғындар және белсенді жастардың демеушілігімен жүзеге асып, жалпы құны 27 миллион теңгені құрайды.
Саябақта батыр Ақәділ Суханбаев, ауған және тәжік-ауған соғысына қатысқан жауынгерлер Нүркен Әбдуалиев пен Дастан Нұрматов, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан ерлердің есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақта орнатылды.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев ауылдарды көркейту мен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталса, ауыл ақсақалдары батыр бабалар рухына тағзым ету – қасиетті парыз екенін атап өтті. Саябақ ашылуына арнайы лентаны ауыл ақсақалдары қиып, аналар жағалай шашу шашты.
