дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Байзақта 34 400 адам спортпен айналысады

Байзақта 34 400 адам спортпен айналысады
ашық дереккөзі
Байзақта 34 400 адам спортпен айналысады

Кез – келген мемлекеттің қуатты болуы, еңбекке қабілетті, ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүретін тәні мықты, рухы биік жандары көп елде ғана жүзеге асады. Бірінші байлық - денсаулық десек, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт екені анық.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 33 319 адам немесе жалпы халықтың 31,1% құраса, үстіміздегі жылдың 1 тамызына бұл көрсеткіш 34 400 адамға немесе жалпы халықтың 31,6% құрап, 1081 адамға ұлғайып отыр. Жыл қорытындысымен бұл межені 32%-ға жеткізу көзделуде.

Байзақ ауданы бойынша 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және спорт бағытындағы 2 аула клубы (2019 жылы 1 аула клубы) жұмыс істейді. Бұл спорт мекемелерінде барлығы 2846 оқушы тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.

«7-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жеткіншектердің балалар жасөспірімдер спорт мектептерінде және дене дайындығы спорт клубтарында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдерді қамту» бойынша көрсеткіш 2019 жылдың қорытындысы бойынша 13,7% құраса, 2020 жылдың 1 шілдесіне бұл көрсеткіш Бурыл ауылында 2020 жылдың ақпан айынан бастап жаңадан ашылған спорт бағытындағы аула клубы есебінен 15,2% өсті.

Жалпы аудан бойынша 2020 жылдың 1 шілдесіне 255 спорт нысаны (2019 жылдың І тоқсанында 226 спорт нысаны) анықталып отыр. Олар: 1 стадион, 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 60 спорт зал (35 типтік, 25 жапсарлас), 53 футбол алаңы және 140 спорт алаңшалары. Бүгінгі таңға, барлық елдімекендердің спорттық нысандарында ауыл тұрғындарына спортпен айналысуға мүмкіндік жасау мақсатында кешкі, сабақтан тыс уақытта әртүрлі спорт түрлерінен айналысу кестелері жасалған және аудан тұрғындары осы спорттық нысандарда дене шынықтыру және спортпен еш кедергісіз айналысуда. Кестелер мемлекеттік және ресми тілдерде бұқаралық ақпарат құралдарының бетіне тұрақты түрде жарияланып отырады.

2020 жылдың 1 тамызына аудан аумағында барлығы 279 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 12 096 адам қамтылды. Спорттық іс-шаралардың жүйелі және ауқымды түрде өткізілгендері ішінде аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімінің кубогіне арналған шағын футбол, волейбол және баскетболдан (3Х3) қаңтар айының 18 жұлдызынан басталып, наурыз айына дейін жүйелі түрде өткізілген жыл сайынғы дәстүрлі турнирлер, «Алғыс айту» күніне арналған аудандық спартакиада (үстіміздегі жылы бұл жарыс спартакиада түрінде алғаш рет өткізілді), аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Мектеп лигасы» жарыстарын атауға болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы алғаш рет өткізілген ерекше жоба «Алғыс айту» күніне арналған жастар арасындағы «Болашаққа - салауатты өмір салтымен» жас отбасылар ойыны аудандық жастар ресурстық орталығы және аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірігіп өткізілсе, Сарыкемер және Ботамойнақ ауылдық округтерінің спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімінің кубогі жарыстары ауылдық округ деңгейіндегі өте табысты іс-шаралардың бірі саналды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен жүйелі түрде өткізілетін аула, көше ойындары, «Алтын сақа» асық ойындары, зияткерлік ойын түрлері жарыстары, «Алатау таңы», «Ақ бидай» спартакиадалары жергілікті тұрғындардың жыл сайынғы дәстүрлі жарыстарына айналып отыр. Соңғы аталған «Ақ бидай» облыстық спартакиадасында ауданымыздың жас футболшылары құрамасы облыстық деңгейде қатарынан екі жыл чемпион атанып, 2017 жылы жарыстың Ақтөбе қаласында өткен республикалық кезеңінде Қазақстан чемпиондары атанса, 2018 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

Байзақтық жас спортшылар жекелей спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарды былай қойғанда континенттік және Әлем деңгейінде алыс шет елдерде Қазақтың көк байрағын желбіретіп, абыройын асқақтатып жүр.

Олардың ішінде Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы каратэші Гузалия Гафурова, бокстан Азия ойындарының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов, самбодан Әлем чемпионы атанған Жадыра Әміртаева, дзюдо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрзат Сәлімбаев, армрестлингтен Әлем чемпионатының жеңімпаздары Нышаналы Сәнім, Лаура Каримбаева спортшыларымыз қазақ спортының мақтанышына айналды. Қазіргі таңда ауданнан шыққан жас спортшылар арасында 72 спортшы облыстық және 22 спортшы ұлттық құрамада өнер көрсетеді.

Аудандардың дене шынықтыру және спорттағы рейтингтерін байқайтын облыстық кешенді спорттық іс-шараларда Байзақ ауданының жастар командалары ылғида алдыңғы жүлделі орындарда көрінуі, спорт жетістіктерінің бастауы саналатын бұқаралық спорттың мемлекетіміздің қолдауымен ауданымыздағы жоғары деңгейдегі дамуы, жастардың ерен еңбектері және жүйелі түрде ұйымдастырылып жасалған спорттық жобалардың нәтижелері мен көрсеткіштері болып табылады.

Осы жылдың 16 наурызынан бастап, еліміздегі COVID-19 пандемиясының салдарынан қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты спорттық іс-шаралар онлайн режімінде өтуде. Ал, спорт мекемелерінде тоқсан сайын білім беру мекемелері арасында «Ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналған.

Аудан әкімдігінің 2020 жылғы 1 шілдесіндегі №265 қаулысымен «Байзақ ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үстіміздегі жылдың тамыз айынан өз жұмысын бастады. Бұл мекеменің негізгі мақсаты ауданда бұқаралық спортты дамыту, спортты серік еткен аудан тұрғындарының сапын арттыру және жоғарыда көрсетілген аудандағы спорттық іс-шараларды ұйымдастырып, өткізумен айналысатын болады. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың тамыз айынан барлық 18 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар орындары ашылды.

Бөлімге бағынысты спорт мекемелерінде барлығы 22 спорт түрі қызмет жасайды. Оның ішінде 5-і ұлттық спорт түрлері (қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар ойыны, асық ату, ат спорты, құсбегілік), 12-і олимпиадалық спорт түрлері (бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, таеквондо, ауыр атлетика, көгалдағы хоккей)  және 3-і олимпиадалық емес спорт түрлері (армрестлинг, каратэ, шахмат, самбо) болып есептелінеді. Жалпы, білім беру мекемелерінде 13 спорт түрі, яғни футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, асық ату, шекемтас, үстел теннисі, қазақ күресі, жеңіл атлетика, бокс, дзю-до жұмыс істейді.

Спорт нысандарына тұрғындардың қолжетімділігін арттыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын ауыл тұрғындарының санын ұлғайту мақсатында үстіміздегі жылы аудан бойынша «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы Бурыл және Байзақ ауылдарында, 1 күрделі жөндеу жұмыстары Сарыкемер ауылының орталық стадионында жүгіру жолағы мен үлкен теннис алаңшасы орнатылып, мінбе ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 9 спорт алаңшасы (шағын футбол алаңшалары стрит воркаут алаңшасымен бірге) орнатылады және осы бағдарлама аясында 8 спорт нысанына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдың маусым айында Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы саябақта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның демеушілігімен шағын футбол, стритбол және стрит воркаут алаңшалары пайдалануға берілді. Жалпы 2019-2020 жылдары демеушілер есебінен 2 шағын футбол алаңшасы, 3 жаттығу залдары ел игілігіне ұсынылды.

Жоғарыда аталған спорт нысандары толық пайдалануға берілгеннен кейін спорт нысандарына тұрғындардың толық қолжетімділігі қамтамасыз етіледі және спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық спорттық іс-шараларды өткізуге толықтай мүмкіндік туындайтын болады.

Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші - адамның денсаулығы болса, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда да спорттың алар орны ерекше.

Бүгінде спорт саласының дамып - өркендеуі үшін мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып жатыр. Сондықтан елімізде дене тәрбиесі мен спортқа жасалып жатқан қамқорлықты болашақтың кепілі деп түсінуіміз қажет.

Әділхан ОМАРОВ,

аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар