Белбасар ауылында жаңа 100 орындық Мәдениет үйі ашылды
- авторАрайлы Жақсылық
- 25 шілде, 2025
- 549
Су жаңа нысан жергілікті халықтың мәдени өміріне тың серпін бермек. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы сәтпен құттықтады.
– Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен өңірде мәдениет саласының инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Облыс көлемінде мәдениет саласында 500-ден аса мекеме қызмет көрсетуде. 2025 жылы бұл салаға 16,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. 2024 жылы өңірде 20 мәдениет нысаны салынып, оның 8-і пайдалануға берілді. Ал, осы жылы жоспарланған 16 нысанның 3-і ел игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін 8 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгін ашылып отырған 100 орындық мәдениет үйі тек ғимарат емес, халықтың қазынасына ерекше мән беріп, кейінгі жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беретін орын болмақ. Бұл мәдениет үйі де дарынды тұлғалардың ізін қуып, жаңа таланттарды тәрбиелейтін, халқымыздың рухани байлығын арттыратын орталық болады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Салтанатты жиында Ескі Шу ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Естай Күнчашов сөз сөйлеп, ауыл халқының атынан ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Одан кейін мәдениет үйін салған «Ник Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сабит Шокатаев сахна төріне шақырылып, жаңа ғимараттың символдық кілтін Белбасар ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Нәзира Айбасқа салтанатты түрде табыс етті.
Аталған мәдениет үйі «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Мұнда 100 адамға арналған көрермендер залы, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер, кітапхана, сондай-ақ дыбыс және жарық жүйелерімен жабдықталған кең сахна қарастырылған.
Жиын соңында ауыл балалары мен жасөспірімдердің қатысуымен шығармашылық үйірмелер көрмесі ұйымдастырылып, шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.






