Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдерінің есебін тыңдауда
Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдерінің есебін тыңдауда
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдауды бастады. Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергеновтың өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есептік жиынына қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Баяндамашы көшелерді жарықтандыру, жөндеу, асфальттау, абаттандыру бағыттарында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев округтің әкіміне жұмыссыздар санын азайту, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, зейнеткерлер мен қарттарға көңіл бөлу, әлеуметтік мәселелерді шешу, пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек» жобалары бойынша жұмыстарды ұтымды ұйымдастырудың маңыздылығын баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан соң облыс әкімі «Әсия әлемі» балабақшасына ат басын бұрды. Меңгерушісі Ләйлә Жүнісәлиеваның айтуынша, бүгінде мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, мектеп жасына дейінгі 200 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Аймақ басшысы Президенттің қолдауының арқасында өңірде жаңа балабақшалар салынып, орталықтар ашылып жатқанын атап өтті.
Бұдан соң Б.Сапарбаев Шу электрмен жабдықтау, Шу сигнализация және байланыс дистанциялары және Шу локомотив пайдалану депосының басшыларының есебін тыңдап, жұмысшылармен кездесті.
Аймақ басшысы теміржолшылардың аудан экономикасының дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.
Аудандағы жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жөндеу жұмыстары наурыз айының алғашқы он күндігінде аяқталады деп күтілуде.
Төле би ауылындағы заманауи технологиямен жабдықталған «Дәулет» медициналық орталығында болған аймақ басшысы ауданда медициналық мүмкіндіктерді арттыра түсу қажеттігін баса айтты.