Бердібек САПАРБАЕВ: Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған қуатты мемлекет
- авторjambylinfo.kz
- 3 шілде, 2021
- 185
– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Егемен еліміздің іргесі қаланған алғашқы сәттен бастап мемлекеттік қызметте жүрген азамат ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қандай болғанын айта кетсеңіз.
– Еліміз осы аз ғана мерзім ішінде ғасырға татитын жолды жүріп өтті. Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған, аяққа нық тұрып, экономикасы қарыштап дамыған, қуатты мемлекет. Бұл ең алдымен сол қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қана қоймай, барша қазақстандықты бір мақсатқа жұмылдыра білген Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегінің, сарабдал саясатының арқасы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте ауыр болғаны бәрімізге мәлім. Сол кездің өзінде мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына жұртты сендіре білген Елбасымыз өзі үлгі көрсете жүріп, халықтың сана-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бәсекеге қабілетті етіп, сомдай білді.
Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есімде. Бәріміз ерекше тебіреністі әсерді бастан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен айтып жеткізе алмаймыз. Бірақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өгіз қара күшімізді жұмсайтын күн туғанын анық түсіндім. Сол үшін де уақыттың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұмсауға бел байладық. Бұл – бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, болашаққа үлкен үміт сыйлаған кезең.
Әрине, тәуелсіздік туралы, одан бергі 30 жыл уақыт ішіндегі тіршілігіміз туралы көп нәрсе айтуға болады. Айтылып та жатыр. Бірақ еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның, сананың өзгергені. Жаңа ұрпақтың ер жеткені. Осы жылдар ішінде қоғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, кезең, болмыс келді. Халықтың ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі бүтіндей өзгерді. Бұл – тәуелсіздік жылдарының ең үлкен жемісі. Жаңа көзқарастағы, креатив, белсенді жастар тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат қазынасы.
– Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Елбасының сенімді кадрларының бірі болдыңыз. Сізге сенім артып, Қызылорда, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстарына әкім қылып жіберді. Ол кезде облыстардағы жағдай қандай еді?
– Иә, дұрыс айтасыз, менің осынау қызмет жолымда Нұрсұлтан Әбішұлынан алған тағылымым, үйренгенім көп. Елбасымыздың менің еңбек жолымда алар орны бөлек. 1993-1994 жылдары Қазақстан Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының Қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еттім. Бір жолы басшылар телеарнаға барып, шахтерлердің ереуіл кезінде талап етіп қойған мәселелері бойынша жауап беруімді тапсырды. Менің бағыма қарай сол сұхбатты Елбасының өзі көріп, менің сөз саптасымды, жауаптарымды ұнатыпты. Кейін Үкіметтің аппарат басшылығына тағайындалғанымда, сол сұхбат туралы өзіме айтып бергені бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылы Үкіметті басқарған кезде мені Білім министрінің орынбасары етіп тағайындады. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, тосын тағайындау болғаны рас. Бір жағы бұл тағайындау маған үлкен сенім, жауапкершілік жүктеді. Содан Елбасының сенімін ақтауға бар күш-жігерімді салдым.
90-жылдардың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлы Германия мемлекетіне іссапарлап, делегация құрамында мен де болдым. Ол кезде Германияның астанасы – Бонн қаласы. Канцлер Г.Кольдің қатысуымен Бундестагта депутаттармен кездесу өтті. Бұрынғы сыртқы істер министрі, белгілі қайраткер Г.Геншер «Құрметті, Президент мырза! Біз немістер астанамызды Боннан-Берлинге ауыстыруға ойланып, қорқып жүрміз. Сіз әдемі, әсем Алматыдан белгісіз Сарыарқада орналасқан Ақмолаға ауыстыруға шешім қабылдадыңыз. Осындай сіздің жүректілігіңізге қайран қалдық, үйрену қажет» дегені бар.
Жасыратыны жоқ, еліміз азаттыққа елең-алаң шақта, қым-қиғаш қиындықтар мен қайшылықтарға толы уақытта қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде тұратын қазақтардың үлесі 40 пайыздың ар жақ, бер жағында болғанын ойласаңыз, қандай ұлы іске тәуекел етіп, қандай ұлы ерлікке барғанымызды анық аңғаратын едіңіз. Өңірлердегі жағдай да оңай болмады. Алыс аудан, ауылдарды айтпағанда, облыс орталықтарындағы ахуал мәз емес еді. Ол кезде жарқын болашаққа халықты сендіру қиын болды. Бірақ біз сол қиындықтарды жемісті еңсере білдік.
Сол 90-жылдардың басында Қазақстан егемен, тәуелсіз, өз алдына еркін ел болып кетеді дегенге сенбейтіндердің қатары көп болғанына еш күмәнім жоқ. Алайда біз азаттықтың алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақтан абыройлы өте алдық. Бабамыздың қанымен, анамыздың жасымен жеткен осынау құндылықтың бағасын парықтай білу – бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз.
– Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығындағы ең айтулы оқиға деп нені айтар едіңіз?
– Айтулы жобалардың бірі әрі Елбасының батыл да сәтті шешімі деп астанамыздың Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшірілуін айтар едім. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы атанып, сән-салтанаты жарасқан шырайлы шаһарға қарап, Елбасының бір кездегі тәуекел еткен шешімі нағыз көрегендік екеніне көзіміз жетеді. Бұдан басқа, еліміздегі көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топтастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, ядролық қарудан бас тартуы. Тағы бірі ерекше айтатын еңбегі – тарихымызда бірінші рет шекараны халықаралық шарттармен құжаттап, бекіткені. Жасыратыны жоқ, шекараны шегендеп алу мәселесін ертеңге ысыра беріп, уақыт өткізіп алып, бүгінде бармаған шайнап отырған мемлекеттер аз емес. Кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шыққан тәуелсіз мемлекеттердің арасында шекара үшін соғысып жатқандары да бар. Аллаға шүкір, бұл жағынан Қазақстан бәрінен ертерек қамданды. Естеріңізде болса, сонау 90- жылдардың аяғында шекараны анықтау мәселесі де біздің алқымымыздан алған. Көптеген қиын күндер бастан өтті. Бірақ Елбасының ерен ерлігі мен еңбегінің арқасында біз бұл қиындықтың барлығынан абыроймен өттік. Қазір Қазақстанның көрші мемлекеттерімен ешқандай шекара, жер дауы жоқ. Тұңғыш Президентіміз әлемдік аренада да қазақ елінің беделіне оң әсер еткен баянды бастамаларымен таныла білді. Осы орайда оған дәлел – Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Қазақстанды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру, халықаралық, өңірлік ұйымдардың құрылуына ұйытқы болу, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін қайта жандандыру, Сарыарқа төрінде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосып, съезд өткізу.
Тағы айта кетейін, тәуелсіздігіміздің ең үлкен табысы – ұлттық руханиятымызбен, салт-дәстүрімізбен қауышқанымыз. Шынайы шежіремізбен, талайғы тарихымызбен табысқанымыз. Құнарлы, нәрлі тілімізбен көріскеніміз.
– Қазір Жамбыл облысының тізгінің ұстап отырсыз. Егемендік жылдарында Жамбыл облысы қалай өзгерді?
– Тәуелсіздік жылдары мемлекет қамқорлығымен еліміздің барлық өңірлерінде жарқын жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Тәуелсіздікті нығайтуға барша қазақстандықтармен бірге Жамбыл облысының тұрғындары да лайықты үлес қосты десек артық айтпаймыз. Бүгінде Әулиеата өңірі серпінді даму жолына түсіп, өзінің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді. Көрсеткіштер жыл сайын жақсарып, халықтың ахуалы да артып келе жатқанын аңғаруға болады. Осы жылғы бес айдың қорытындысымен облыстың экономикалық өсімі 101,6 пайызды құраған. Сондай-ақ өңірде осы жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 23 200 адам қамтылған. Есепті кезеңде облыста 16 400 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 7 300 мыңы – тұрақты.
Аймақтағы АӘК алушылардың саны бес айда 69 мыңнан 50 мыңға, яғни 19 мыңға дейін азайған. Облыстғы 356 ауылды елді мекеннің 70-інің тұрғындары (барлығы 140 мың адам) АӘК алмайды.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірде барлығы 300-ден астам білім, 217 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, 500-ден аса спорттық нысан салынған.
Тұрғын үй, жол салу және жөндеу, ауызсу және көгілдір отынмен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асуда. Осыған орай өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін жамбылдықтар да айқын сезінуде десек, артық айтпаймыз. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүруде. Жыл басынан бүгінге дейін 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланып отыр.
Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 424,8 шақырым жол салынып, жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді мекен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға артады деп күтілуде.
Жыл соңына дейін 44 мың тұрғын тұратын 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға жетпек. Сол секілді 20 елді мекенге газ тартылып, газдандыру үлесі 83,8 пайызды құрамақ.
Қорыта айтқанда, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға мемлекеттік және салалық бағдарлама бағытталған. Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде халықтың табысын арттыруда маңызды перспектива ашылуда. Әулиеаталықтар ынтымақ пен бірлікте талай күрделі кезеңдерді бірге өткерді. Әлі де туған өлкенің өркендеуіне бірлесе үлес қоса береді деп ойлаймын.
– Биыл Таразды түрлендіру бағытында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Тарихи Тараздың келешегінен не күтуге болады?
– «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп Елбасымыз бағалағандай, байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Қаланың тарихи келбетін айшықтауда қолға алынған ауқымды жұмыстың бір көрінісі – «Тектұрмас» этнотарихи кешені. Жақында екінші кезеңі аяқталып, пайдалануға берілген кешен қала қонақтары мен тұрғындарының сүйікті орнына айналғаны сөзсіз. Ондағы жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда.
Сондай-ақ бұл орайда тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірде бастау алған «Таразға Тарту» жобасын айрықша атап өтуге болады. Жоба аясында облыс орталығында 42 нысанда абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүруде десек, олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар.
Осы орайда облыс аумағында жүзеге асып жатқан игі жобаларға да тоқталып өткім келеді. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста қолға алынған бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасы аясында 347 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды.
«Асарлатып үй салу» жобасы шеңберінде былтыр 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен үйлі болды.Осы жылы тағы 134 үйдің құрылысы басталып, бүгінге дейін 14-і пайдалануға беріліп үлгерген. Осылайша, жалпы асар әдісімен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салынатын болады.
Сол секілді «Жомарт түлек» жобасы аясында табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM лабораториясы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай төрт кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 миллиард теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асады деп күтілуде.
Биыл жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын дамыту аясында бюджет қаражатынан тыс 26 млрд теңге тартылатын болады.
– Ел келешегін қалай елестетесіз? Айталық, 50 жылдан соң елімізді қандай болашақ күтіп тұруы мүмкін?
– Тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенемін. Еліміз дамыған, өркениетті елдердің қатарынан көрінеді деп үміттенемін. Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» ұғымы бос сөз емес. Оның мәні тереңде.
Дегенмен біз бұл тұста бүгінгі ұрпақтың қалыптасуына, тәрбиесіне аса мән беруге тиіспіз. Жастарымыз жан-жақты, білімді, елжанды азамат болып, жат әдеттерден бойын аулақ салып, тек тынбай, аянбай еңбек ету керек. Ел үшін еткен еңбегің еш кетпейді. Әсіресе, халық мүддесін өз мүддеңнен артық қоя білсең, елге болсын деген ниетпен тер төксең, ықылас та, ризық та өзі келеді. Менің жұмыстағы да, өмірдегі де ұстанымым – адалдық, еңбексүйгіштік. Жастардан да соны көргім келеді.
- – Әңгімеңізге рақмет!
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз