Жамбыл жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубын жеңісімен құттықтады

Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубын жеңісімен құттықтады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубының спортшыларымен кездесіп, ҚР Кубогының иегері атануымен құттықтады.

Аймақ басшысы кездесу барысында өңірдегі спорт саласын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Өткен жылы облыста барлығы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 92 спорт алаңшасы орнатылған. Ағымдағы жылы облыста 10 дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің және 62 спорт алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарланса, бүгінге дейін бірқатары ел игілігіне берілген. Нәтижесінде, облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары облыс тұрғындарының  34,4 пайызына жеткен.

Клубтың бас жаттықтырушысы Борис Гребенников аймақ басшысына ыстық ықыласы, құрметі үшін алғысын білдірді.  Ол клуб үшін биылғы жыл сәтті болғанын, келер жылы да сенім үдесінен шығуға тырысатындықтарын жеткізді. «Тараз» кәсіпқой волейбол клубының, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Александр Фоменко  облыстың намысын абыройлы қорғау үшін спортшылардың аянып қалмайтынын жеткізді. Жиын соңында клуб директоры Андрей Савченко облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жуырда жеңіп алған Қазақстан кубогын, доп және клубтың жейдесін сыйға тартты.