Сарысу ауданының медицина саласында көп жылдар бойы абыройлы еңбек еткен, ауылдың өркендеуіне атсалысып, жастарға ұстаз, ақылшы, қамқор болып, «Ел ағасы» атанған Зауал-Махан Абзалбековтың құрметіне Игілік ауылдық медициналық ғимаратына ескерткіш тақтайша орнатылды. Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей және ауданның зиялы қауымы мен еңбек ардагерлері қатысты. Басқосу барысында Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Серік Аппазов, «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионовтар сөз сөйлеп, шараның мазмұнына тоқталды.
Ескерткіш-тақтайшасының ашу құрметі аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеевке және ардагер кенші Алпыс Жақсылықовқа берілді.
Кейінгіге үлгі, өнеге болған Зауал-Махан Абзалбеков Игілік ауылының фельдшер-акушерлік пунктінде меңгеруші болып қызмет атқарған. 1973 жылы «Социалистік жарыстың» жеңімпазы төс белгісімен марапатталған. Қызмет ете жүріп, аудандық аурухана мен ауылдық кеңестің қоғамдық жұмыстарының белсенді мүшесі әрі атқарушысы болды. Аудандық ауруханада бастауыш партия ұйымы секретарының орынбасары және фельдшерлер кеңесінің төрағасы, аудандық кеңесте, кәсіподақ ұйымының төрағасы болып көп жыл қызмет атқарды. «Өз ісінің шебері» деген аудандық конкурстардың бірнеше рет жеңімпазы болып, облыстық конкурстардың жүлделеріне ие болған. Бірнеше рет аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдерінің және аудан әкімдерінің мадақтамалары мен «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Елеулі еңбегі бағаланып, бірнеше рет мемлекеттік наградалармен де марапатталған. Игілік ауылында туып, өскен азамат ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздап дертіне шипа іздеп келген жанға әрдайым жаны жайсаң, білікті дәрігер ағамыз елгезектікпен қарап, емінің шипасы тиіп, талайлардың үлкен алғысына бөленген жан болған еді.
Дариха Үмбетиярова,
Сарысу ауданы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз