«Біреудің дауысын салмаңыз!». Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Жамбылда мұндай 13 дерек тіркелген
Полиция елімізде алаяқтықтың тың түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құзырлы органның дерегінше, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, хат-хабарлардағы қолжетімді дыбыстық үлгілерді пайдаланып аккаунт иесінің дауысын жасайды және барлық чаттарға ақша жіберуді сұрайтын қысқаша дыбыстық хабарлама жібереді екен.
Бұл жағдайда екі адам - дыбыстық хабарламаны алған және атынан жіберілген адам құрбан болады.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен шоттарды бұзып, жәбірленушінің туыстары мен достарына ақша сұрап хабарлама жіберген алаяқтықтың 13 дерегі анықталды.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін полицейлер дыбыстық хабарламаларды тыңдағаннан кейін бірден өшіруді, барлық хат-хабарларды автоматты түрде жоюды, интернет желісіне дыбыспен бейне жібермеуді, жақын адамдарыңызбен осындай жағдайлардың алдын алу үшін құпия сөздер ойлап табуды ұсынады.