Биыл Байзақта үй кезегінде тұрған 40 тұрғын баспаналы болады
- авторМағжан Орынбасар
- 9 шілде, 2025
- 439
Биыл Байзақ ауданында үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы 40 тұрғын баспаналы болады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Үкіметтің тұжырымдасына сәйкес, биыл ауданда үйлерді сатып алуға жалпы 684 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 549 млн теңге болса, аудандық бюджеттен 134 млн 976 мың теңге бөлініпті.
- ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен бекітілген “Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына” сәйкес, ағымдағы жылы 40 пәтер сатып алуға, жалпы 684 000,0 мың теңге қарастырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 549 024,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 134 976,0 мың теңге бөлінді. Үйлердің құрылысын жеке кәсіпкер Алмас Іргебайұлы жүргізіп жатыр. Аталған пәтерлердің 1 шаршы метрі 285,0 мың теңгеден, шілде айының соңында сатып алу жоспарланып отыр. Пәтерлер сатып алынғаннан кейін, аудан аумағында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін болады, - деді аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Ақәділов.
Жекелей алғанда 2 бөлмелі пәтердің ауданы - 51,1 шаршы метр, жалпы 20 пәтердің ауданы - 1022 шаршы метр. Сонымен қатар, 3 бөлмелі пәтердің ауданы - 75,1, жалпы 20 пәтердің ауданы 1502, 40 пәтердің жалпы ауданы - 2524 шаршы метр.
Айта кетейік, жалпы аудан бойынша кезекте тұрғандардың саны - 3234 адам. Оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар - 29, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасы 1399 болса, халықтың әлеуметтік осал топтары 1082, бюджеттік мекеме және мемлекеттік қызметкерлер 724 адамды құрайды.





