Биыл Тараз қаласында 68 көше жарықтандырылады
Биыл Тараз қаласында 68 көше жарықтандырылады
Бұл жолы аймақ басшысы Тараз қаласы №11 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан жиын барысында әуелі қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл баяндама жасап, округтегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары аясында аталған округте электрмен және ауыз сумен қамтамасыз ету, абаттындыру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде бұл мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылған. Айта кетейік, №11 аумақтық округінде 7 тұрғын алқап, 55 көше бар. Мұндағы халық саны - 25322 адам.
Бұдан кейін, округ тұрғындары өз өтініш-тілектерін айтуға мүмкіндік алды. Мәселен, Шөлдала ауылының тұрғыны Динара Ғабитжанова округте емхана болмағандықтан, жергілікті ел-жұрт облыс орталығындағы мөлтек аудандардың бірінде орналасқан денсаулық нысанына қатынауға мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Сөзінше, бұл істе қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі де кесірін тигізіп отыр. Ал Шаңырақ алқабының тұрғыны Талғат Дүкенбайұлы халықты табиғи газбен толық қамтамасыз ету, ағын су және ауыз су мәселелерін тиімді шешілсе деген тілегін білдірді.
Кездесу соңында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдаған Нұржан Нұржігітов әрбір ұсыныс-тілектің ескерілетінін атап өтті.