Жамбыл жаңалықтар

Биыл Жамбыл облысында өңірлік карта бойынша 31 746 адам тұрақты жұмыспен қамтылады

Облыста жалпы 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу – Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты. Аймақта да жұмыспен қамту шаралары Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылып келеді. 
Биылғы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында облыста 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған. Есепті кезеңде 24 940 жұмыс орны ашылып, жоспар 37 пайызға орындалды. Өңірлік карта бойынша 31 746 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Жұмыссыздықтың алдын алу үшін  басқарма тарапынан мүмкіндігінше жағдай жасалып келеді. Мысалы, 1 291 адамды қысқамерзімді оқытуға тарту жоспарда бар. Онлайн оқыту курсында 2 610 жұмыссыз азамат білімін жетілдіріп, оның 2 421-і сертификат берілген. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жастар арасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында микрокредит қарастырылған.

Сондай-ақ жыл басынан бері Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріліп келеді. Атап айтқанда, биыл 1 008 адамға 1448,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру көзделген. Өтінімді қабылдау кезеңдері 20-31 мамыр аралығында өткізілген. Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту жоспарланып, 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек 27 661 адамға тағайындалып, оған 1 349,4 миллион теңге қаржы көзделуде. 

Айта кетейік, облыс көлемінде жергілікті мәслихат  шешімдеріне сәйкес осал топтағы азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндеріне орай біржолғы көмектер көрсетіледі. Есепті кезеңде 6 981 азаматқа 899 659 мың теңге төленген.
Аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мен тұрмыстық жағдайларын оңалту – күн тәртібіндегі ауқымды мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 16 513 адамды жұмыспен қамту жоспарланыпты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі қала бойынша мансаптық орталық филиалының берген мәліметі бойынша, жыл басынан 5 шілдеге дейін 10 368 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 5 418 азамат жіберілген.Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде электронды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының халықтың жұмыспен қамтылуына тигізіп жатқан септігі мол. Биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 805 орын болып бекітілген екен. Оның ішінде 659-ы тұрақты, 146-сы уақытша жұмыс орны. Бүгінгі таңда 421 адам жұмысқа тұрып, жоспар 53,3 пайызға орындалған. 


Биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 675 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған екен. Бұл шаруа да рет-ретімен жүзеге асуда. Осы жылдың қаңтар айында 285 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен «Жастар тәжірибесінен» өтуге жіберіліпті. Оның ішінде 64-і өз жұмысын аяқтады. 46 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.Сонымен қатар осы жылы  «Алғашқы жұмыс орындарына» 140 жұмыссызды жіберу жоспарланса,  қазірге дейін 56 жұмыссыз азамат жолданыпты. «Алғашқы жұмыс орындарына» жолданған жұмыссыз азаматтар 18 ай жұмыс істейді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 60 адамды орналастыру жоспарланған.
Бүгінгі күнге 35 жұмыссыз адам еңбекке араласты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 1 430 жұмыссыз азаматты орналастыру көзделсе, есепті мерзімде 1 906 азамат жұмысқа тұрып, меже артығымен орындалды. Оның ішінде 257-сі жұмысын аяқтап, 181-і тұрақты жұмысқа орналастырылады. «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 7 жас жұмыспен қамтылу керек болған. Әзірге 5 азаматқа жұмыс табылған. «Күміс жас» жобасына 303 адамды жолдау жоспарланып, бүгінгі күнге 365 адамға жұмыс тауып беріліп, оның 17-сі бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі жетсе, алтауы тұрақты жұмысқа орналасты. 
Жалпы атаулы әлеуметтік көмек алу ісі тиісті азаматтарға шартсыз және шартты түрде көрсетілетіні белгілі. Шартсыз көмек алушылар – бұл еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жоқ отбасылар. Шартты көмекті еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар алады. Шартты ақшалай көмекті тағайындау үшін алдымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы бойынша міндеттемелері көрсетіледі.Анығын айтқанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу міндетінен I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, күндізгі оқу бөлімінің оқушылары, студенттер, тыңдаушылар, курсанттар мен магистранттар босатылады. Сондай-ақ үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, I немесе 
II топтағы мүгедектігі бар балаға, бөгде адамның күтіміне және жәрдеміне мұқтаж қарттарға күтім жасайтын адамдарға, тұрақты жұмысы бар тұрғындарға  және екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар азаматтарға бұл міндетті емес. Облыс аумағында атаулы әлеуметтік  көмек тағайындалған 27 661 адамға 1 349,4 миллион теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері оның ішінен 1 054 адам жұмысқа тартылған. 

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бойынша осы жылға 9 азаматты еңбекке тарту жоспарланыпты. Бұл бойынша да бүгінгі күнге 9 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 100 пайызға орындалып отыр.Жалпы жұмыс жасауға ниетті және жұмыс орнынан босаған азаматтар Тараз қалалық мансап орталығына жиі келеді. Орталық мамандары оларды  тіркеуге алып, жұмысқа орналастыру, кәсіптік негізде оқыту курсынан өткізу, мамандық игерту, қайтарымсыз қаржы немесе жеңілдетілген пайызбен несие алу арқылы кәсіп ашуына жағдай жасау мақсатында өз қызметтерін ұсынуда.