Жамбыл жаңалықтар

Біз тек жоспар жасап қана қоймай, нақты нәтиже көрсетуіміз керек – Ербол Қарашөкеев

Жиында бірқатар мәселе қаралды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен актив отырысында Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселесі жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Мұнан соң кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев сөз алды. Оның айтуынша, облыста инфляцияны тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша облыстағы инфляция деңгейі 1,0 пайызды құраған. 

Айта кетейік, есепті кезеңде негізгі капталға салынған инвестиция көлемі – 764,5 миллиард теңгені құраса, жеке инвестиция көлемі – 636,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұдан бөлек былтырғы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 119,6 АҚШ доллары тартылып, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3 есеге артыпты. Сондай-ақ 2029 жылға дейін жалпы құны – 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылған. Жалпы, 2028 жылға дейін құны 3,6 триллон теңгені құрайтын 62 жоба бар. 
Бұдан кейін цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақберен Сейдімханов сөз алып, өңірлік геоақпараттық жүйе 14 мемлекеттік қызмет автоматтандырылғанын айтты. Бүгінгі таңда 17 коммуналдық қызмет түрі цифрлық форматқа көшірілсе, денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект көмегімен 11 мыңнан астам пациент онкологиялық ауруларға скринингтен өткен. Ал қауіпсіздік саласында Тараз қаласында бет-әлпетті тану жүйесі бар 400 интеллектуалды камера орнатылып, іздеудегі 1652 тұлға анықталған. Атап өту керек, облыста жасанды интеллект технологиялары екі негізгі бағытта белсенді енгізілуде. 

Жиында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында өңірімізде автомобиль жолдары саласында атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов мәлімдеді. Спикердің айтуынша, 2025 жылы жол саласына бөлінген 30,3 миллиард теңге есебінен 474,2 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту және орта жөндеулермен қамтылыпты. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5, ал елді мекен көшелері бойынша 89 пайызға жеткен. Жалпы, 2025 жылы облыста 44,3 миллион тонна жүк тасымалданған екен.

Басқосу соңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Президент көлік-логистика саласындағы инфрақұрылымды дамыту – стратегиялық міндет екенін атап өткенін еске салып, бұл бағытта жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуді тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, осы ретте өңірдің транзиттік әлеуетін толық талдау жүргізу, автомобиль және темір жол инфрақұрылымының жағдайын зерделеу, шекаралық және кедендік рәсімдерді жеделдету ұсыныстар әзірлеу мен жеке инвесторларды тарту тетігін пысықтаудың маңызы зор. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар негізгі міндеттерді айқындап беріп, жауаптыларға экономикалық және қаржылық саясатты жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырған еді. Президент өз сөзінде биыл күшіне енген жаңа Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандыратынын баса айтып, инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау жөнінде атап өтті. Сондай-ақ ол бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеу қажеттігіне тоқталып, инвестициялық жобалардың тиімді іске асуын қамтамасыз етудің маңыздылығын жеткізді.