дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Былтыр Жамбылда сайлауға бөлінген қаржының 125 миллион теңгесі игерілмеген

Былтыр Жамбылда сайлауға бөлінген қаржының 125 миллион теңгесі игерілмеген
Сурет: jambylinfo.kz
Бұл туралы сайлау комиссиясының төрағасы айтты

Бүгін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен оқыту семинары өтті, деп хабарлайды jambylinfo.kz

 Аталған семинарға  Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, саяси париялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов пен бірқатар тұлғалар сайлау процесі жөнінде дәріс оқыды. Сонымен қатар, бірқатар проблемалар да айтылды. Серғали Айдапкеловтың сөзінше, былтыр саяси науқанды ақпараттандыруға бөлінген қаржының игерілуі өте төмен болған. Салдарынан 125 миллион теңге тиісті мақсатта жұмсалмай, мемлекетке кері қайтарылған.

«Біз өткен жылы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда осы салаға қаралған қаржының 125 миллион теңгесін мемлекетке қайтардық. Сондықтан Жамбыл облысы қаржы игеруді 94 пайыз қамтамасыз етті деген ақпаратты орталық сайлау комиссиясы айтып отыр. Осы мәселеге көңіл аудару керек»,- деді Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Бұдан соң семинарда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы өңірдің ақпарат саласы әрбір саяси науқанда ашық әрі шынайы, әділ ұстаныммен еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

«Сайлау науқаны халықтың мемлекеттік мәміле болашағы үшін жүзеге асса, халықпен жаны бір журналистер қауымы үшін де бұл кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар, өмірлік ұстаным, қастерлі қағида екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан өміршең ұлт пен өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін ата заңға сүйене отырып, аймақтың ақпарат саласы, оның ішінде ғасырлық шежіресі бар «Aq jol», «Знамя труда» және «Арай» басылымдары мен Jambylinfo.kz ақпарат агенттігі және цифрлық контент орталығын бір арнаға тоғыстырған «Aulieata-media» серіктестігінің мамандары да аянып қалмайды. Еңселі еліміз бен ел сенімі үшін жұмыла көтерген жүгіміз игілікке, мақсат-мұратымыз шындыққа айналып, жарқын болашақта жемісін береді деген үміттеміз»,- деді Данияр Асқарұлы.

Шара соңында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау процессін даярлауда оның ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес өтуіне семинарға қатысушылардың назарын аударып, сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларын алғыс хаттармен марапаттады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар