Жамбыл жаңалықтар
Дамыған елдің басты қағидаты – заң үстемдігін орнату
- авторjambylinfo.kz
- 10 ақпан, 2023
- 470
Дамыған елдің басты қағидаты – заң үстемдігін орнату
Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құрал. Ол адамның құқықтарын зорлық-зомбылықтан, ұрлықтан және басқа да қол сұғушылықтардан қорғайды. Расында, ертеден қазақ қоғамында Заң үстемдігі болған. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «тәртіпке бас иген адам құл болмайды». Сондықтан, әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті – ол заңға бағыну, заң үстемдігін сезіну.
Халқымызда заң үстемдігін орнату дәстүрі тереңде жатыр. Мәселен, Қазақ хандығында билік еткен хандар тұсында заңдар жинағы маңызды рөл атқарады. Қазақ хандары сол заманның талабын ескеріп, заңдарды мейлінше жетілдіріп отырды. Заңдар жинағының ең бір жетілдірілген тұсы Қасым хан-ның тұсында орын алды. Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Ел басқару жүйесінде ата жолын ұстанған Қасым хан заман ерекшелігіне орай, жаңа ортаға сәйкес жаңа низам жүйесін енгізеді. «Қасым ханның Қасқа жолы» аталатын бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптайды, жеке адамдар арасындағы ру-тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін тағайындайды. Қазақ Ордасының мемлекеттік негіздері де осы «Қасқа жолда» көрініс тапқан тәрізді. Зерттеуші-ғалымдардың пікірлерінше, ол бес бөлімнен тұрады: Жекеменшік нормаларын реттейтін құқық, Әскери істерге байланысты құқық нормалары (міндеткерлік), Қылмыстық құқық нормалары, Халықаралық құқық нормалары және елшілік этикет турасында, Қауымішілік және қауымаралық міндеткерлік қатынастары.
«Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645 жж.) тұсында «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы немесе ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. Есімнің немересі, Жәңгірдің бел баласы Тәуке хандық құрған ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың басы – қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Қазақ қоғамында біртұтастық пен ынтымақ орнатуға дәнекер болған ежелгі ереже – қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп низамының, салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті жарғы» – дана бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен халық билеудің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасын қалдырды.
«Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдарын толықтырып, елеулі өзгерістер енгізіп дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. «Жеті жарғыны» қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді. Ал кейбір нормалары Қазан төңкерісіне дейін толығынан қолданылды, қоғамдық қатынастарды реттеу функциясын тиімді атқарып келді. Қазақ хандығы дәуірі ХVІ-ХVІІІ ғасырларда, яғни қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, Жеті жарғыны шығарған Тәуке хан тұсында басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған, біртұтас, құқықтық мемлекет болды. Осы кезеңде Қазақ хандығының көрші орналасқан мемлекеттермен байланыста болып, олармен сауда, саяси мәселелерін шешу заң жүйесі арқылы анықталды. Қазақ хандарының негізгі заңдары Қазақ хандығын осы кезде мемлекет ретінде танытып қана қоймай, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етті. «Қасқа жол», «Ескі жол», «Жеті жарғы» заңдарын дүниеге әкелген қазақтың данышпан да көреген хандары тек қазақ деген халықтың игілігі, тұрақты, тыныш тұрмыс-тіршілігі, кішкентай ғана мемлекеттің өркендеуі жолында күресіп, қызмет етті.
Бүгінгі күні де заңның үстемдігінсіз мемлекет мемлекет болмайды. Себебі, заң халықты ұйыстырып, тура жолға бастайтын бағдарымыз. Оның алдында барлық адамдар тең. Ол адамға не үшін қажет? Заңдардың арқасында адамдар өздерін әдептілік шеңберінде ұстап, құқық бұзушылық әрекеттер жасамауға тырысады. Бұл нормативтік-құқықтық актілер қоғамда маңызды рөл атқарады. Олсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Заңдар болмаған жағдайда, біз қорғаусыз қалып, өзіміздің және жақындарымыздың болашағына үреймен қарайтын едік. Баршамызға мәлім, Конституция мемлекетіміздің негізгі заңы. Конституцияда адамның негізгі құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Еліміздің әрбір азаматы заңды шамалы болсын білген жөн. Себебі, оның көмегімен сіз өзіңізді кез-келген жағдайда қорғай аласыз.
Дамудың даңғыл жолындағы мемлекетіміз стратегиялық тапсырма ретіндегі алдына қойған мақсаты – әлемдік қоғамдастықтың 30 алдыңғы қатарлы мемлекеттің қатарына ену. Бұл мақсатқа біздің мемлекет нақты, әрі салыстырмалы түрде тексерілген, дәл анықталған жоспарға сәйкес дамыған жағдайда ғана жете алады. Солардың арасында заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдар анықталған. Конституционализмнің басты қағидаларының бірі ретінде құқық үстемдігі танылады. Ол 1995 жылғы еліміздің Конституциясында көрініс тапқан. Оны дайындаушылар – заң шығарушылар үшін құқық үстемдігі мен заң үстемдігі идеясын толық конституция өзегі арқылы өткізу маңызды болды. Сондықтан бүгінде, заң үстемдігі идеясы Қазақстанның қазіргі заманауи Конституциясында толық іске асырылды деп нық сеніммен айта аламыз. Конституцияның 1-бабы Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде бекітеді. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекеттің қалыптасуы – күрделі және ұзақ процесс, ол өмірге саяси, экономикалық және құқықтық реформаларды енгізу, адамгершілік негіздер мен жалпы адами құндылықтардың өрлеуі, заманауи демократиялық азаматтық қоғамды құру аясына қатысты үздіксіз кеңейе түсуде. Сондай-ақ, құқықтық мемлекеттің қалыптасуы азамат пен мемлекет, билік, басқару, сот органдары арасында ерекше құқықтық қатынастардың генезисін, сонымен қатар, қоғам, құқық және саясат арасында жаңартылған өзара әрекеттесуді жалғайды. Құқықтық мемлекет құқықтық заңның үстемдігін бекітпей мүмкін бола алмайды. Ал құқықтық заң өзінің орнатылуы мен әрі қарай жүзеге асырылуы үшін конституционалдық-құқықтық бақылауы бар және адами қатынастардағы құқық үстемдігін қамтамасыз етудің басқа да әдістерімен бірге, биліктің сәйкесінше бөлінуі бар құқықтық мемлекетті қажет етеді.
Мемлекеттің қызметі заңды ұйымдасқан қоғамдық тұтастық ретінде тек қана құқықтық нысанда және құқыққа сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Бұл толықтай заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне қатысты. Өйткені, барлық жағдайда заңның бұзылуы әділеттілікті орнату үшін сот органдарына жіберіледі. Сот – әділдікті жүзеге асыратын орган. Президент әділ сот аясындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша нақты қадамдарды анықтады. Олар сот органдары қызметінің институттық құраушысына да, мазмұнды бөлігіне де қатысты.
Заң үстемдігін қамтамасыз етудегі нақты қадамдардың бірі беделді шетел соттары мен әділ сот саласындағы заңгерлердің қатысуымен еліміздің Жоғарғы Сот жанында халықаралық кеңес құру арқылы халықаралық өлшемдерді енгізу болып табылады. Бұл орайда заң үстемдігін заңға барлық нормативтік актілердің, құқықты іске асыру актілерінің (ұстануды, орындауды және қолдануды іске асыру) бағыныштылығы деп түсінген жөн. Заң үстемдігі – бұл өзін демократиялық деп санайтын кез келген қоғамның іргелі қағидасы, ол әмбебап болуы және қоғамның барлық өзегінен өтуі тиіс. Құқық үстемдігі қағидасының барынша бірізді жүзеге асырылуы заңдылықтың теориясы мен тәжірибесі болып табылады, онда Конституцияға мемлекеттегі негізгі рөл бөлінеді, ал қалған барлық басқа құқық шығармашылық қызметтің конституциялық шегі болуы керек. Заң үстемдігі қағидасы шындыққа айналуы үшін Конституция ықпалды болуы қажет. Дәл осы тапсырма қазіргі қолданыстағы заманауи Конституцияны дайындауда маңызды болды.
Заң үстемдігі қағидасы қазіргі Конституцияда қазақстандық заңдылық қағидасы ретінде көрініс тапты. Бұл дегеніміз, мемлекеттегі барлық заңдарға және басқа да заңды нормативтік актілерге негізделеді деген сөз. Конституцияның 4-бабының 2-тармағы ел Конституциясының жоғары заңды күшін бекітеді. Құқық үстемдігі қағидасының жолын ұстаушылықты бүкіл өркениетті адамзат мойындайды. Бұл қағида халықаралық құқықтық актілерде көрініс тапқан. Осылай, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Копенгаген кеңесінің қорытынды құжаты бекіткендей, СБСЕ құрамына кіретін 35 мемлекет құқық үстемдігінің негізін құрайтын әділеттілік қағидаларын қолдау және алға тарту туралы ниеттерін білдірді. Барлық мемлекеттер бірауыздан құқық үстемдігінің тек жай формальді заңдылықтан да үлкен маңызға ие екенін мойындады. Бұл институттармен кепілденген адамзат тұлғасының жоғарғы құндылықтарын мойындау мен толық қабылдауға негізделген әділеттілікті білдіреді. Конституциялық құқық теориясында Конституцияның үстемдігі қағидасы туралы айтылады, алайда, бұл бөлек қағида емес, тұтастай тұжырымдама болып табылады. Конституция үстемдігі тұжырымдамасы тарихи, заңды және әлеуметтік өлшемге ие бола алады. Конституция бүкіл заңнамаға негіз болады және қоғамдық өмірдің түрлі салаларын құқықтық реттеудің салмақ түсетін құрылымын анықтайды. Құқық қайнар көздерінің жүйесінде ол жоғары буын, заңдардың шыңы болып табылады. Жоғары заңды күшке және тікелей әрекетке ие бола отырып, ол бүкіл мемлекет аумағына тарайды, оған қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілер заңды күшке ие болмайды. Құқық үстемдігі тұжырымдамасы қазақстандық конституциялық құқық теориясында айтарлықтай күрделі болып келеді және мемлекеттің конституциялық дамуы кезеңінде қашанда оны конституциялық-құқықтық тәжірибеде іске асыру мәселелері туындайды. Қазіргі конституционализм доктринасының қалыптасуына мемлекеттік құрылыстағы заң мен құқық үстемдігі тұжырымдамасының біртіндеп енуі үлкен әсер етті.
Тағы бір айта кетерлігі, Баршаға мәлім, 2022 жылдың маусым айында ел тарихында 27 жылдан соң жаңадан референдум өтіп, Ата Заңымыздың үштен біріне демократиялық өзгерістер енді. Осылайша, Қазақстан қалыптасу кезеңінің бір белесін артқа тастап, даму даңғылына бет түзеді.
Қорыта айтқанда, мемлекетіміздің дамуы Конституция негізінде, оның әрбір әрпі мен рухына сәйкес жүзеге асуда. Өткен жылы Конституцияға өзгерістер енгізу бастамаларымен ерекшеленді. Оның маңызына одан асыра баға беру мүмкін емес. Бұл жаңашылдықтар Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асырудың іргетасы болып қаланды.
Ернар ЖАМАНҚҰЛОВ, Жамбыл облыстық сотының судьясы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала