Жамбыл жаңалықтар

«Дарын» лицейі жаңа ғимаратқа көшеді: Серік Сәлемов жаңа нысанның құрылысымен танысты

Жамбыл облысында дарынды балаларға арналған «Дарын» мамандандырылған лицей-интернаты жаңа, заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратқа көшірілмек.

Жаңа нысандағы жұмыс барысымен облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов арнайы танысып, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Серік Сәлемов ең алдымен жауапты сала мамандарына оқушылардың сапалы білім алуын, оларға қолайлы орта қалыптастыруды, оқу-тәрбие процесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ ғимараттағы барлық инженерлік жүйелердің толыққанды әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұдан бөлек, оқу кабинеттерін заманауи әдістемелік құралдармен толықтырып, пәндік үйірмелер мен қосымша білім беру орталықтарының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Жобалық сыйымдылығы 1200 орынға арналған бұл типтік ғимарат – оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи білім ордасы болмақ. Мұнда 340 орындық жатақхана орналасқан, сондықтан алыс аудандардан келген дарынды балалар толықтай жатын орынмен қамтылады. Сондай-ақ бір мезгілде 350 оқушыға қызмет көрсете алатын кең асхана, үлкен спорт залы, ғылыми ізденістерге жағдай жасалған кітапхана және 450 орындық мәжіліс залы бар. Бұдан бөлек, оқушылардың денсаулығына арналған медициналық бөлме мен тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз ететін кір жуу бөлмесі де қарастырылған.

Білім беру процесіне қажетті 39 оқу сыныбы жабдықталды. Олардың ішінде 14 жаңа модификациялы, 3 мультимедиалы, 2 компьютерлік сынып және 1 робототехника кабинеті бар. Сонымен қатар 6 заманауи зертхана, арт-керамика кабинеті, тігін және ағаш өңдеу шеберханалары іске қосылады. Бұл бастама оқушылардың ғылыми-зерттеу, спорттық, мәдени және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі таңда лицейде 16 сыныпта 350 оқушы білім алып жатыр. Жаңа ғимаратқа көшу арқылы оқушылар саны бірнеше есе артып, өңірдегі дарынды балалардың сапалы білім алып, үлкен жетістіктерге жетуіне кең жол ашылмақ.