ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН АРТТЫРДЫ
ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН АРТТЫРДЫ
Тараз қаласындағы «Ар-Рахман Ар-Рахим» мешітінің бас имамы Амангелді Ембергенов ҚАЖД қарасты ЖД-158/4 мекемесінде сотталғандармен сұқбаттасты. Өзара әңгіме барысында имам исламның бейбітшілік діні екенін жан-жақты түсіндіріп, жазасын өтеушілер дін саласына қатысты сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Бүгінде жер бетіндегі қасіреттің бірі, адамзат баласына төнген қауіп - діни экстремизм мен терроризм кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Кездесуде жазасын өтеушілерге жат ағымның жетегінде кетуден аулақ болу, арам пиғылды адамдардан бойды аулақ ұстау сынды кеңестер берілді, экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық екені айтылды. Қазақ халқы дінге деген байыпты ұстанымымен ерекшеленген халық. Біздің ұстанған жолымызда дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып, сабақтасқан. Тарих беттерін парақтап қарайтын болсақ, қазақ жерінде діни негіздегі қақтығыстардың болмағанын көреміз. Ал бұл күндері өз идеяларын абсолютті ақиқат ретінде санаушы дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерінен діни негіздегі бөлінушілік көбейе түсті. Деструктивті топтардың кері бағыттағы идеялары әсерінен Қазақстанның діни алаңында фанаттар қатары пайда болды. Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие. Қазақ жері көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Негізінде діни фанатизм, діни экстремизмге ал ол болса діни терроризмге жол ашады. Әрине бұның соңы жақсылыққа алып бармайды. Сондықтан адамзат баласына шексіз қайғы-қасірет әкелетін мұндай жат әрекеттерді болдырмауға баршамыз күш салуымыз керек, деді имам. Айта кетейік, жазасын өтеушілерге діни сараптамадан өткен әдебиеттерді қолжетімді ету жолында түзеу мекемесіндегілер оқырмандарға қызмет көрсетіп, олардың сұранысын қанағаттандыруға барынша күш салып келеді.