Жамбыл жаңалықтар
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы: Жамбыл облысына 179 жас маман келді
- авторjambylinfo.kz
- 22 қазан, 2020
- 273
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы: Жамбыл облысына 179 жас маман келді
Жастарды қолдау мақсатында елімізде көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жас мамандарды ауылға тартатын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Жалпы бұл жобаның әлеуметтік мәні зор.
Бұл жайында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты. Себебі, бұл бағдарлама тек жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталмаған, ол – еңсесі түскен елді мекендерді қайта жандандыруды да көздейтін үлкен жоба.
Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының бүгінде ауылдағы маман тапшылығын шешуге үлкен септігі тиіп отыр. Биыл Жамбыл облысына 179 жас маман келді, оның 74-і қалада еңбек жолын бастаса, 105-і аудандарға аттанды. Жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның шығарған қорытындысына сәйкес, 124 жас маман қызмет етеді, 60-ы қалаға, 64-і ауылға бөлінген, - деді Әсет Әскербекұлы.Ол ағымдағы жылы бөлініспен келген жас дәрігерлердің саны 147 екенін де жеткізді. Оның 43-і резидентураға түсіп, білімдерін жетілдіріп жатса, 13-і жұмыстарын жалғастыру үстінде.
Бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмысқа орналасқан жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылғаны – елді мекендерде сұранысқа ие медицина, білім және мәдениет салаларына білікті де білімді жас мамандар көптеп келуіне ықпал еткенін атап өткен жөн. Мәселен, оларды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы төлеп, баспана алуына жеңілдетілген несие де беріледі. Биылдың өзінде жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 64 кадрға 800,0 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы бөлінді, - деді басқарма басшысы.Ал қазіргі таңда аталған әлеуметтік көмекті 28 адам алған. Оның 5-еуі – былтыр, 23-і осы жылы келген жас маман болса, 22-сі құжаттарын енді өткізіпті. Еңбек жолын елді мекеннен бастаған жастардың ішінде біреуі республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие алды. Баспана мәселесін шешіп алған жас маман қазір Шу ауданында алаңсыз жұмысын істеп жүргенін айтады Әсет Қалиев.
Сондай-ақ, Жуалы, Мойынқұм аудандарына барған 4 медицина қызметкері несие алу үшін құжаттарын өткізді. 6-ауына 100 АЕК-ке тең сомада көтерме жәрдемақы берілді. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарына барған 15 кадр жәрдемақыға өтінім жасады, - деді ол.Биыл аймаққа келген 18 жас маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілген. Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында еңбек етіп жүрген 11 кадрға қызметтік үй берілгені тағы бар. 1-еуі жатақханаға, Таласқа жіберілген 3 қызметкер қонақ үйге орналастырылған, 1-еуінің үй жалдау ақысы мекеменің есебінен төленуде.
Одан бөлек, аудан әкімдігі тарапынан 6 жас маманға коммуналдық төлемге көмек көрсетілді, - деген басқарма басшысы кадр тапшылығы көптеген мәселелерді туындататынын да сөз етті.Әсіресе, денсаулық сақтау саласында көп түйткілдің түйіні дәрігерлердің жетіспеушілігінде жатқан көрінеді. Мәселен, емханаларға тіркелген тұрғындар саны көп, дәрігер аз, тиісінше жүктеме қалыптан тыс көбейіп кетеді.
Ал бұл – ұзын-сонар кезектің түзілуіне бірден-бір себепкер болатын нәрсе. Мамандардың бос уақыты болмаса, электронды жазылу да жеңіл соқпайды. Сондықтан медицинада бұл өте өзекті жайт. Сол себептен өңірге, елді мекендерге кадр тарту – ең басты міндет, - деп нақтылады Әсет Қалиев.baq.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Тарихта алғаш рет ғарыш кемесі астероидқа қонды
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбыл облысында 100 келіден астам марихуана тәркіленді
- авторСадуақас Айсұлу
- 28 желтоқсан, 2024