Еңбек қатынастары заңмен реттелуі керек
Еңбек қатынастары заңмен реттелуі керек
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Аймақ басшысы жұмыскерлердің жалақыларын уақтылы алуы, құқықтарының қорғалуы қашан да маңызды екенін баса айтты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов аймақта ағымдағы және мерзімі өткен ресми жалақы қарыздары жоқ екендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ баяндамашы әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған шаралардың нәтижесінде ұжымдық шарттар қабылдау жұмыстарының көрсеткіші 99,6 пайызға жеткізілгенін, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында да нәтиже бар екенін хабарлады. Мәселен, 208 тойхананың, 74 кафе-мейрамхананың, 126 дүкеннің және 64 шаруа қожалықтың жұмыскерлерімен еңбек шарттары жасалған. Жиында Бердібек Сапарбаев мұғалімдер жалақысының кешіктіріліп төленуіне байланысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовты сынға алды.
Комиссия отырысында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Сәдубаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты ойларымен бөлісті. Бейнебайланыс арқылы Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің жергілікті жердегі ахуалға қатысты есебі тыңдалды. Аймақ басшысы еңбек қатынастарын заңды түрде жүргізу, жалақыларды уақтылы төлеу әрі оның мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.